Балқашта бір бала суға батып кете жаздады – оны демалыстағы майор құтқарып қалған

 
Баланы жақын маңда демалып жүрген Ұлттық ұланның қызметкері құтқарып алған

Балқашта бір бала суға батып кете жаздады – оны демалыстағы майор құтқарып қалған
Фото: © freepik.com

Кеше, 15 шілде күні күндіз Балқаш көлінің  Шұбартүбек жағажайында оқыс оқиға бола жаздады: көлге түсіп жүрген кішкентай бала жағадан алыстап кетіп, суға бата бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баланы Ұлттық ұланның әскери қызметшісі құтқарып алған. «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы, майор Дияр Жақыпов көмек сұраған әйелдің дауысын ести сала, суға түскен.

«Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет «көмектесіңдер, баламды құтқарыңдаршы!» деп айқайлаған әйел адамның жандаусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Баланың бөтені жоқ қой. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?! Сол кездегі бар ойым уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым», - дейді майор Дияр Жақыпов.

Естеріңізге сала кетейік. Қазақстанның ішкі істер министрлігі бүгін ғана дабыл қағып, жаз басталғаннан бері еліміз бойынша 69 бала суға кеткенін айтқан еді.