Ата заңдағы «Миранда» қағидаты: Басты құжат деңгейіне көтерілген ереже тергеудегі заңсыздыққа тосқауыл қояды
«Миранда» ережесі де алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Бұл тарихи қадам – көпжылдық қоғамдық диалогтың, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне жедел үн қатуы мен азаматтардың талап-тілектерін тікелей ескеруінің, сондай-ақ реформаның жалпыхалықтық деңгейде кеңінен қолдау табуының шынайы нәтижесі болды. Ата заңда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Бұл қағидат алғаш рет Конституцияның Преамбуласында тікелей бекітіліп, құжаттың барлық бөлімдері мен нормаларының берік негізіне айналды. Осылайша, еліміздің құқықтық жүйесінде маңызды бетбұрыс жасалды. Конституцияның преамбуласы мен негізгі баптары түгелдей дерлік мемлекет басшысының тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ата заңды дайындауға білікті заңгерлер, сарапшылар мен депутаттар жұмылдырылды. Жарты жылдық ауқымды жұмыстың нәтижесінде құжаттың 77 бабы, яғни мәтіннің 84 пайызы өзгерді. Бұл реформадағы ең маңызды өзгерістер мен түбегейлі жаңашылдықтардың, әсіресе қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайтын жаңа нормалардың басым бөлігін президенттің өзі ұсынды. Осы реформа аясында адам құқықтарын қорғаудың жетілдірілген тетіктері жан-жақты қарастырылып, оның ішінде «Миранда» қағидаты Ата заңға басты жаңалықтардың бірі ретінде енгізілді.
Адам – ең жоғары құндылық
Ата заңда азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері жүйелі түрде бір бөлімге топтастырылып, әрбір азаматтың құқықтық мәртебесі нақтыланды. Осы ретте өмір сүру құқығының абсолюттілігі бекітіліп, өлім жазасына түпкілікті тыйым салынды. Сонымен қатар адамның жеке басына қол сұғылмаушылық және жеке өмірін қорғау кепілдіктері күшейтілді. Цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау нормасы енгізілді. Құқықтық қорғау бағытында кінәсіздік презумпциясы нығайтылды, адвокатураның рөлі артып, кәсіби заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігі кеңейтілді. Бұған қоса «Миранда» ережесі де алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді.
Тергеудегі заңсыздыққа тосқауыл және кінәсіздік презумпциясы
Негізгі заңда адамның қадір-қасиеті мен өмір сүру құқығы берік бекітілді, азаптауға немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттерге мүлдем жол берілмейді. Негізгі заңда адамның қадір-қасиеті мен өмір сүру құқығы берік бекітілді. Азаптауға немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерге мүлдем жол берілмейді. Бұл талап құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттырып, тергеудегі заңсыздықтарды түпкілікті жоюға бағытталған.
Әділ сотты қамтамасыз ету үшін заңсыз жолмен алынған кез келген айғақты пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ, азаматтардың өзіне қарсы жауап бермеу құқығы бекітілді. Енді күдіктінің үнсіз қалуы оның кінәні мойындауы ретінде қаралмайды. Осы ережелер қылмыстық процесте азаматтарды қорғаудың негізгі кепілі болады.
Конституцияда кінәсіздік презумпциясының мәртебесі бекіді. Әрбір азаматтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі. Бұл – демократиялық құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаты. Сонымен қатар, азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын шектейтін қылмыстық заң нормаларының Конституцияға сәйкестігін тікелей Конституциялық сотта даулай алатын болды.
«Миранда» ережесі: тарихы мен маңызы
Әлемдік тәжірибедегі «Миранда ережесі» көпшілікке Голливуд фильмдері арқылы жақсы таныс. Кинода тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салған бойда: «Сіздің үндемеуге құқығыңыз бар. Айтқан сөзіңіздің бәрі сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін» деп ескертіп жатады. Бүгінде бұл норма дамыған елдердің заңнамасында ресми бекітілген.
Оның тарихы 1966 жылы Американың Аризона штатында болған оқиғадан бастау алады. Сол кезде ауыр қылмысқа күдіктелген Эрнесто Миранда есімді азамат қолға түсіп, оған ешқандай құқығы түсіндірілместен, адвокатсыз жауап алынған. Қысымға шыдамаған ол кінәсін мойындап қояды. Алайда, АҚШ Жоғарғы соты айыпталушының қорғану құқығы бұзылғанын алға тартып, қысыммен алынған жауаптарды жарамсыз деп тапты. Осы оқиғадан кейін бұл талап заңға ресми енді. ХХ ғасырдың соңына қарай Ұлыбритания, Германия, Франция бастаған бірқатар еуропалық мемлекет те осы демократиялық үрдіске көшті. Енді бұл халықаралық стандарт Қазақстанның жаңа Конституциясы арқылы отандық құқықтық жүйенің де ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Ұсталған азаматтың төрт негізгі құқығы қандай?
Конституцияның 18-бабына сай, бұдан былай Қазақстанда адам қолға түскен сәттен бастап оның заңды құқықтары бірден түсіндірілуі тиіс. Ата заңға енген «Миранда» қағидаты азаматтың төрт бірдей негізгі құқығына кепілдік береді.
- Не үшін ұсталғанын дереу білу құқығы;
- Өзіне қарсы жауап беруден бас тарту және үнсіз қалу мүмкіндігі, бұл кінәліліктің белгісі ретінде қаралмайды;
- Ұсталған сәттен бастап адвокат көмегіне жүгіну құқығы;
- Қаражаты болмаған жағдайда, мемлекет есебінен тегін қорғаушы алу мүмкіндігі.
Бұл ережедегі ең маңызды талап – аталған құқықтар азаматқа оның ресми мәртебесі бекітілмей тұрып, яғни тәртіп сақшыларымен бірінші байланыс орнаған кезден бастап хабарлануы шарт. Егер бұл талап бұзылып, құқықтары дер кезінде түсіндірілмесе, тергеу барысында алынған кез келген түсініктеме мен айғақ заңсыз деп танылады және сотта ешқандай күші болмайды.
«Миранда» ережесінің Қазақстандағы даму жолы
Негізінде, «Миранда қағидаты» отандық заңнама үшін жат түсінік емес. Бұл ереже бұған дейін де Қылмыстық процестік кодекстің (ҚПК) 131-бабында бар болатын. Соған сәйкес, құқық қорғау органдары күдіктіні ұстаған бойда оған тағылған айыпты, қорғаушы шақыру мен үнсіздік сақтау құқығын, сондай-ақ айтқан сөздері сотта өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екенін ауызша түсіндіруге міндетті еді.
Алайда, ереженің кодексте тұруы мен Ата заңда бекітілуінің арасында принципті айырмашылық бар.
Заңгер Айжамал Мыңжасардың айтуынша, ереже Конституция деңгейіне көтерілгенде ғана оның құқықтық күші артады.
«Бұл тек қағаз жүзіндегі емес, іс жүзінде толық жұмыс істейтін шынайы кепілдікке айналады», – дейді маман.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, адвокат Ерлан Алтаев та бұл пікірді құптап, ереженің Конституцияда бекітілуі оның мәртебесі мен беделін мүлдем бөлек деңгейге көтеретінін атады.Осылайша, қарапайым заңнан елдің Басты құжатына ауысқан бұл норма азаматтардың құқықтарын қорғаудың ең жоғары және бұлжымас тетігіне айналып отыр.
Халықаралық стандарттарға сәйкестік
Өлім жазасына түпкілікті тыйым салынуымен қатар, «Миранда» ережесінің Ата заңға енгізілуі – Қазақстанның адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне адалдығын көрсетеді. Жаңа Конституцияны дайындау барысында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен еліміз ратификациялаған халықаралық пактілердің талаптары толық ескерілді. Отандық құқықтық жүйе әлемдік озық стандарттармен толық үндесті.
«Миранда» ережесінің конституциялық мәртебе алуы – қоғамның құқықтық сауатын көтеруге де тікелей әсер етеді. Бұған дейін бұл ережені тек заңгерлер мен тар шеңбердегі мамандар ғана жете түсінсе, енді ол Ата заңның нормасы ретінде әрбір азамат білуі тиіс ортақ ережеге айналды. Мұндай қадам бұқараның өз құқығын қорғауға деген сенімін нығайтып, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастырады.
Конституциялық реформа аясында азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жаңа деңгейге көтерілді. Бұған дейін тек салалық кодексте қарастырылып келген бұл нормалардың Ата заңға енгізілуі - олардың құқықтық салмағын еселеп арттырды. Енді кез келген адам ұсталған алғашқы минуттан бастап конституциялық деңгейде қорғалады, ал заң талаптарын бұзып жиналған айғақтар сотта ешқандай рөл атқармайды. Бұл өзгерістер тергеу органдарының жауапкершілігін қатаңдатып, қысым мен күштеп мойындату тәжірибесіне толық тосқауыл қояды, сөйтіп сот процесіндегі тараптардың шынайы теңдігіне кепілдік береді.