«Бұл – менің орным»: Семейде түн ішінде есік алдына қызыл бояумен жазу жазған әйел 216 мың теңге айыппұл төледі (ВИДЕО)

Оны полиция бейнебақылау камерасы арқылы тапқан

«Бұл – менің орным»: Семейде түн ішінде есік алдына қызыл бояумен жазу жазған әйел 216 мың теңге айыппұл төледі (ВИДЕО)
Фото: жасанды интеллект

Семей қаласының полициясы түн ішінде тұрғын үйдің ауласын, сондай-ақ ауладағы көліктерді бүлдіріп кеткен 40 жастағы әйелді анықтап, жазалады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, Алма Сарбасова есімді әйелге 216 мың теңге айыппұл салынған.

«Қаланың Қарағайлы шағын ауданындағы тұрғын үйдің ауласына белгісіз біреу «Менің көлігімнің орнын алмаңыз» деп жазып кеткен. қызыл бояу үйдің ауласы және жақында тұрған бір көлікті бүлдірген. Полицияға арыз жазған да сол көлік иесі», - деп хабарлайды Абай облысының полиция департаменті.

Полиция бейнебақылау камераларының жазбасын қарай отырып, күдіктіні анықтаған.

«25 қыркүйек күні түнгі сағат 02:26 шамасында бір әйел ауладағы көлік тұрағына қызыл бояумен жазу жазып кеткен. Ол 40 жастағы қала тұрғыны Алма Сарбасова болып шықты. Бұл әрекеті үшін полиция оған 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 216 мың теңге айыппұл салды. Жазуды да өзі өшірді», - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.