Ақтөбеде алимент төлеу үшін компьютер клубын тонаған ер адамға үкім шықты
Ол жалпы құны шамамен 2,5 миллион теңгенің бейнекарталарын қолды қылған
Ақтөбеде ер адам алимент пен несиесін төлеу үшін компьютер клубын тонап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.
Клуб иесі тұрақты келушілерінің бірін жабдықтар мен бейнебақылау жүйесін орнатуға көмектесуге жұмысқа алған. Ер адамның қаржылық жағдайының қиын екенін білгендіктен, оған бұған дейін де ақша жағынан көмектесіп жүрген.
Барлық бөлмеге еркін кіріп-шығуға мүмкіндігі болған жұмысшы желіге қосылмаған компьютерлер тұрған бөлмеге кіріп, жалпы құны шамамен 2,5 миллион теңге болатын бейнекарталарды ұрлап кеткен. Кейін оларды сатып, түскен ақшаны несиелері мен алимент төлеуге жұмсаған.
Сотқа дейін жәбірленушіге келтірілген шығын өтелмеген. Сондай-ақ ұрлық жасалған кезде ер адамның бұрын жасаған қылмысы үшін пробация қызметінің бақылауында болғаны анықталған.
Барлық мән-жайды ескерген сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.