Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған
Полиция күдіктінің көлік жүргізуді оқымағанын мәлімдеді
Көкшетауда жалғызбасты ананы көлікпен қағып, өліміне себеп болған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған әрі көлік жүргізу бойынша оқудан өтпеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Көлікті басқарған әйелге қатысты адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды. Ал көлік иесі – оның жұбайына көлік жүргізу құқығы жоқ адамды рөлге отырғызғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Бұл қылмыстық істің тергелуі Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп атап өтті полиция өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде қаланың шағынаудандарының бірінде болған өліммен аяқталған жол апатының видеосы тараған еді. Қайғылы жағдай 2026 жылдың 9 мамырында болған. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрлардан автокөліктің тұраққа кіре берісте алдымен жолдың жиегіне соғылғанын, содан кейін жаяу жүргіншіні қағып, үстінен басып өткенін көруге болады.