Тоғыз жыл бойы іздеуде жүрген: адам өлтірген топтың соңғы мүшесі сотталды

Қылмыс Ресей аумағында жасалған

Тоғыз жыл бойы іздеуде жүрген: адам өлтірген топтың соңғы мүшесі сотталды
Фото: istockphoto.com

Абай облысында 2015 жылы Ресей Федерациясының аумағында жасалған аса ауыр қылмыс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу мәліметінше, төрт адамнан құралған топ көлікті сатып алушы ретінде танысып, көлік иесімен кездесу ұйымдастырған. Жол үстінде қаскөйлер ер адамға шабуыл жасап, оған бірнеше жерден пышақ жарақатын салған. Кейін оны көлікпен қағып кеткен. Алған жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстан кейін күдіктілер көлікті иемденіп, ізін суытқан.

Арада бірнеше жыл өтсе де, топтың барлық мүшесін анықтау жұмыстары жалғасқан. Тергеу Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілді.

Тергеу барысында куәлар мен іске қатысы бар адамдардан жауап алынып, хат алмасулар, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Сондай-ақ халықаралық және ведомствоаралық сұраулар жолданып, қылмыстың толық көрінісін қалпына келтіруге мүмкіндік туған.

Кейін халықаралық іздеуде жүрген топтың соңғы мүшесі анықталып, ұсталды. Ол 2024 жылы Алматыда қолға түскен.

«Соңғы күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Абай облысының соты оны кісі өлтіру және қарақшылық шабуыл жасау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін қылмысқа қатысқан тағы үш адам Ресей мен Қазақстанда сотталған болатын.