«Бар күшімді саламын»: Елдос Сметов Лос-Анджелес Олимпиадасына баратынын мәлімдеді
Ол Париждегі жеңісін 2028 жылы Лос-Анджелесте қайталағысы келетінін мәлімдеді

Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысуға шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәтсіздіктер мен қиындықтар
Елдос Сметов осыдан тура 1 жыл бұрын арманына қол жеткізіп, Олимпиада чемпионы атанған болатын.
«Үш Олимпиаданың әрқайсысының орны бөлек. Бірақ Париж Олимпиадасының алтыны ардайым биік болып қала береді. Қаншама маңдай тер мен еңбек ақталған күн. Барлық марапатымның шыңы. Сәтсіздіктер мен қиындықтар қатар жүрген жолды еңсерген күн», - деп жазды чемпион әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алынбайтын қамал жоқ
Ол арманға жету жолында біз көп нәрседен бас тартып, көп нәрсені тәрк етп, көп тәуекелге баруға тура келгенін атап өтті.
«Дәл осындай қуанышты, дәл осылай арманды барлық спортшыға тілеймін! Олимпиада алтынынан кейін ғана мен өмірімді өзіме, отбасыма, жақындарыма арнай бастадым. Париж алтыны біз алмайтын қамал жоқ екенін көрсетті. Дәл осы жеңісімді 2028 жылы Лос-Анджелесте қайталағым келеді. Келесі төрт жылдықтың басты додасында осы эмоцияны сыйлау үшін бар күшімді саламын», - деп түйіндеді Сметов.
Еске салайық, Елдос Сметов Парижден келген бойда Лондонға қоныс аударып, бірнеше ай бойы ағылшын тілін сол жақта оқыды. Қазір ол тіл курсын тәмамдап, елге оралған.