Қарағандылық оқушы 5 тілде сөйлейді: оған АҚШ-тың 4 университеті грант берді
Балнұр Род-Айленд штатындағы ЖОО-ны таңдады
Мектепті биыл бітірген қарағандылық Балнұр Төленоваға шетелдік 4 ЖОО «құда түсіп» отыр. Америкалық университеттер қазақ қызының білімін жоғары бағалаған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Жасөспірім дарынды балаларға арналған мектептің түлегі. Ол бес тілде: қазақша, орысша, француз, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Экономика, әлеуметтану ғылымдарына қызығушылығы бар.
Балнұр 10-сынып оқып жүргенде халықаралық емтихан тапсырып, нәтижесін әлемдік университеттердің ортақ базасына жолдаған екен. Биыл оған шетелдік бірнеше ЖОО тегін білім алуға ұсыныс жасаған.
«Мен халықаралық компанияларда жұмыс істегім келеді, адамдармен жұмыс істеу стратегиясын үйренгім келеді. Мұнан кейін отаныма оралып, өз компаниямды ашамын», - дейді Балнұр Төленова.
Биыл қарағандылық қыз АҚШ-қа аттанбақ. Ол сондағы Род-Айленд штатының университетінде жоғары білім алады. Мұнда жылдық оқу ақысы – 800 мың доллар. Алайда, Балнұр грант жеңіп алғандықтан тегін оқып, стипендия алуға да үмітті.