Көппәтерлі тұрғын үй иелері жер салығынан босатылады
Заң қабылданса, азаматтар көлік салығын келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлей алады
Мәжілістің пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша жаңа Заң жобасын ұсынды. Ол жеке тұлғаларға салық бойынша бірқатар жеңілдіктерді көздейді.
«Салық элементтерін (салық салу объектісі, салық базасы, мөлшерлемесін, есептеу және төлеу тәртібін) өзгертпей, жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын біріктіру ұсынылады, 2 салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұл ретте, көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылады», - деді Р. Дәленов өз баяндамасында.
Сонымен бірге, Заң қабылданса, азаматтар көлік салығын осы жылдың 31 желтоқсанына дейін емес, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлейтін болады.
Заң жобасы «инвестициялық салықтық кредит» ұғымын енгізуге де енгізу ұсыныс жасап отыр. Кредит корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша 3 жылға берілмек. Ол пайызсыз болады, бірақ шарттар орындалмаған жағдайда өсімпұл есептеледі. Инвестицияны ынталандыруға бағытталған тағы бірнеше жаңашылдық қарастырылған.
«Мақтаны қайта өңдеуге, ашытқы, кондитерлік өнімдер, қант қызылшасынан қантты өндіруге есептелген қосылған құн салығының азайту бойынша норманы қолдану ұсынылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, өндіріс көлемін ұлғайтуды ынталандыратын болады. Экспорт кезінде қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату мақсатында отандық өндірушілер үшін қосылған құн салығын жеңілдетілген түрде қайтару құқығын: яғни тексерусіз – 50%, қалған 50%-ын тексеруден кейін беру ұсынылады», - деді бұған қатысты министр.
Көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіру үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдік қолданылмақ. Бұл отандық автокөліктердегі қазақстандық қамту үлесін арттырады. Тұрақты әлеуметтік маңызы бар автомобиль тасымалдарымен айналысатын тасымалдаушыларды қосылған құн салығынан 3 жылға босату ұсынылады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан