«Жалақылары 70 мың теңге»: депутат 27 мың адамға аса қажетті мамандардың мәселесін қозғады
Оның айтуынша, жеке көмекшілерге қатысты қолданыстағы нормалар халықаралық талаптарға қайшы келеді

Қазақстанда бірінші топтағы ауыр мүгедектігі бар 27 мыңға жуық азамат күнделікті жеке көмекшілердің жұмысына қатты тәуелді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев осыған байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада қарама-қайшылықтар бар. Мәселен, 2024 жылғы ақпанда қабылданған өзгерістерге сәйкес, мүгедектігі бар азамат санаторий-курорттық ем қабылдаған кезде жеке көмекшінің қызметі тоқтап қалады екен. Депутаттың пікірінше, бұл – дәл ең қажетті сәтте азаматты көмексіз қалдыру деген сөз.
«Көптеген шипажайлар мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктеріне бейімделмеген. Мұндай шешім ізгілікке де, халықаралық міндеттемелерге де қайшы келеді», – деді ол.
Әбдиев БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын еске салды. Конвенция мүгедектігі бар жандардың барлық көмекші қызметтерге қол жеткізу құқығын, өмір сапасын жақсарту міндетін және қолдау көлемін қысқартуға тыйымды бекітеді.
Сонымен қатар, депутат күтім көрсетушілер мен жеке көмекшілердің жалақысындағы алшақтыққа назар аударды. Бүгінде жеке көмекші айына шамамен 110 мың теңге алса, тәулік бойы күтім жасайтын азаматтарға бар болғаны 70 мың теңге төленеді.
«Шын мәнінде, тәулік бойы күтім жасау ең ауыр әрі маңызды еңбек, сондықтан мұндай әділетсіздік жойылуы тиіс», – деді ол.
Депутат Үкіметке үш ұсыныс жасады:
- «Жеке көмекші» ұғымын кеңейтіп, оның күтім қызметін де қамтуы;
- Санаторий-курорттық ем кезінде көмекші қызметін тоқтату нормасын алып тастау;
- Күтім көрсетушілердің еңбекақысын жеке көмекшілер деңгейіне жеткізу.
Ерлан Әбдиевтің пікірінше, бұл шаралар бюджетке үлкен салмақ түсірмейді, бірақ еліміздегі әлеуметтік әділдікті күшейтіп, Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.