$ 542.8  637.84  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.09.2025, 18:25
Қоғам

Қазақстанда енді кімдер грантты өтеуден босайды - тізім анықталды

Талантты оқушылар мен олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы да көзделген

Қазақстанда енді кімдер грантты өтеуден босайды - тізім анықталды
Фото: istockphoto.com

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған және мүгедек туысына күтім жасайтын қазақстандықтар мемлекеттік грантты жұмыспен өтеуден босатылады. Бүгін Мәжіліс тиісті заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Грантты өтеу бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және бірінші топтағы  мүгедектігі бар адамға қарап отырған адамдар заң бойынша жұмыспен өтеуден босатылады», - деді депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, заңда халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған ұстаздарға ақшалай сыйақы қарастырылған.

«Ғылыми жобаларға қатысып, халықаралық ғылыми олимпиадалардың жеңімпазы атанған жас жеткіншектерімізге сыйақы тағайындау заң жүзінде бекітіліп отыр. Олардың тәлім берген педагогтарына да сондай сыйақы қарастырылған. Әрине, екеуінің көлемі екі түрлі. Біз өткенде 5 млн мен 500 мыңның арасында қарастырдық. Педагогқа бес жүз мың, ал оқушыға бес миллион», - деп түсіндірді мәжілісмен.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырысты беру тәртібі де өзгереді.

«Қазір университетті бұрынғыдай ректорына қарап бағаламайды. Енді жоғары оқу орны рейтингке қарап бағаланады. Бұл біздің әділетті қоғам орнатудағы алғашқы қадамдарымыздың бірі. Біз балалар үшін өздері қалаған оқу орындарына түсу мүмкіндігін кеңейтуіміз керек. Рейтингті өкілетті орган бақылайды, қадағалайды, таразылап отырады. Қай оқу орнында рейтинг жоғары, сол оқу орнына көбірек мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылады», - дейді Ринат Зайыт.

Сондай-ақ заңда мектептер мен балабақшаларға санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізудің жаңа тетіктері көзделген. Алдын алу шараларына нысандарды бақылау, хабарламай тексеру, балалардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төнгенде қызметтi жедел тоқтату немесе тыйым салу кіреді.

«Тек анонимдік хабарламалар ғана қарастырылмайды. Қалған әлеуметтік желідегі хабарламалар бойынша тексеріс жүреді. Бұрынғыдай жоспарлы түрде емес. Яғни сондай сигнал болған уақытта келіп тексере бере алады», - дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары