Депутат мұғалімдерді қағазбастылықтан босату керегін айтты
Сонымен қатар, біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіруді ұсынды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді көтерді.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына айрықша мән беріп келеді. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі ұстаздардың мәртебесіне арналды. Сондай-ақ биылғы Тамыз кеңесінде Президент білім мен ғылымды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қайрат Балабиев соңғы жылдары салада атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артқан, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп ашылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектептің құрылысы жоспарланып, оның 128-і пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 60-тан астам мектеп салынды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер берілді.
Сонымен қатар депутат білім мазмұнын жетілдіру бойынша бес ұсыныс айтты:
- Бастауыш сыныптарда негізгі пәндерді күшейту. «Әліппе», «Ана тілі» және математика пәндерін дамыту қажет. Сондай-ақ балалардың әріп тану және оқу дағдыларын қалыптастыру процесін 1-сыныптан бастауға назар аудару керек.
- Жоғары сыныптарда кәсіби бағдар беру. Мамандыққа байланысты пәндерді тереңдетіп оқыту, бағалау жүйесін формалды БЖБ, ТЖБ-дан гөрі оқушының жеке даму прогресіне бағыттау ұсынылды.
- Еңбекке баулу және бірыңғай мектеп формасы. Барлық мектепке ортақ әдістеме енгізіп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін «әлеуметтік әмиян» жүйесін тиімді іске қосу қажет.
- Мұғалімдерді бюрократиядан босату. Педагогтардың тек білім беруге және тәрбиеге көңіл бөлуі үшін есеп беру жүктемесін азайту ұсынылды.
- Біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру. Мұғалімдер курстары тәжірибеге негізделген және нақты құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Депутат бұл ұсыныстардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмалары мен білім саласындағы реформалардың жалғасы екенін атап өтті.