$ 542.8  637.84  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 17:47
Қоғам

«50-100 мың теңгеге делдал болатындар көбейді»: депутат ваучерлік қаржыландыру жүйесін сынады

Кучинскаяның айтуынша, кейбір отбасы ваучер кеш келгендіктен, өзіне ұнаған балабақшадан орын ала алмай жүр

«50-100 мың теңгеге делдал болатындар көбейді»: депутат ваучерлік қаржыландыру жүйесін сынады
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Юлия Кучинская премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдай отырып, ваучерлік қаржыландыру жүйесін сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат бұл салада бірқатар проблемалар барын атап өтті. Оның ішінде: мемлекеттік балабақшалардағы орын тапшылығы, тарифтің шығынға сәйкес келмеуі, өңірлер арасындағы қаржылық теңсіздік, ваучердің қысқа мерзімі және қызметті верификациялау қиындықтары.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап елімізде мектепке дейінгі ұйымдарға ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жоба бүгінде 20 қала мен 7 ауданда іске асырылып жатыр. Пилоттық жобаны жүзеге асыру барысында балалар бақшасына кезек 93 мың орынға қысқарып, 7,7 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы үнемделген. Бұл тәжірибені биылдың соңына дейін барлық балабақшаларға енгізу жоспарланған», - дейді ол.

Алайда, оң нәтижелермен қатар, жүйе бірқатар мәселелерге тап болып отыр. Соның ішінде,

Мемлекеттік балабақшалардағы орын тапшылығы. Көптеген отбасылар ваучер алса да, бос орын болмағандықтан оны пайдалана алмайды. Қолжетімді нұсқа көбіне жекеменшік балабақшалардан табылады, бірақ олардың бағасы қымбат. Кейде ваучер шығынның небәрі 20%-ын өтейді. Сонымен қатар, ата-аналар кейде нақты бос орындар жүйеде көрінбейтінін алға тартады.

Тарифтердің шығынға сәйкес келмеуі. Базалық тариф барлық шығынды жаппайды, бұл ата-аналарға қосымша ауыртпалық түсіріп, жекеменшік балабақшалардың ынтасын төмендетеді. Бұған қоса, қосымша қызметтер бойынша айқын ережелердің болмауы даулы жағдайларға әкеп соқтырады.

Жергілікті бюджетке тәуелділік. Тарифтерді бекіту мен қаржыландыру өңірлердің бюджеттік мүмкіндігіне байланысты, бұл теңсіздік пен төлемнің кешігуіне себеп болып отыр.

Ваучердің мерзімінің қысқалығы. Ваучер небәрі 5 жұмыс күні жарамды, ата-аналарға бұл уақытта медициналық тексерістен өтіп, құжат жинау қиынға соғады. Осы себепті кей ваучерлер «жанып кетеді», бала кезектен айырылады. Бұл қызметтің өзі бүгінде ақылы делдалдыққа айналып, 50–100 мың теңгеге дейінгі ұсыныстар кездеседі.

Қызметті верификациялау қиындығы. Балабақшалар ай сайын ата-аналарға хабарласып, баланың қатысуын растауға мәжбүр.

Осыған байланысты келесі ұсыныстарды қарастыру қажет екенін айтып, Көшербаевтан шара қолдануды сұрады:

  • Ваучердің қолданылу мерзімін ұзарту.
  • Жүйеде бос орындардың көрсетілуін ашық әрі нақты ету.
  • Подушевой нормативті нақты шығынға сәйкестендіру.
  • Ваучерлік жүйеге қатысатын балабақшаларда тамақ сапасы мен оқу бағдарламаларына мониторинг енгізу.
  • Мемлекеттік қолдауды отбасының нақты табысына қарай реттеу.
  • Ваучер уақытынан тыс себеппен жойылған жағдайда баланың кезегін сақтап қалу.

«Балабақшадағы кезектің азаюы техникалық қиындықтардан емес, шынайы қолжетімділіктің артуынан көрінуі тиіс. Тек сонда ғана жүйенің тиімділігі нақты бағаланбақ», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары