Мәжіліс жасанды интеллект туралы заңды қабылдады: енді не өзгереді
ЖИ көмегімен жасалған контентті таңбалау міндеттелді
Парламент Мәжілісі «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, заңда алғаш рет жасанды интеллект, модель, жүйе, деректер кітапханасы, синтетикалық нәтиже сияқты жаңа құқықтық түсініктер бекітілген.
«Бұл заңда жасанды интеллектіге байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды мемлекет тарапынан реттеу енгізіліп отыр. Сонымен қатар жасанды интеллектіге қатысты мәселелер бойынша мемлекеттің мақсаты, мемлекеттің міндеттері және мемлекет реттейтін әдістері қолданылады. Жасанды интеллектіге қатысты технологиялық жүйенің құқықтық негізі анықталды. Сонымен бірге «жасанды интеллект» түсінігі бекітіліп отыр, жасанды интеллектіден туындайтын өнімдер анықталды», - деді ол Мәжіліс кулуарында.
Депутаттың айтуынша, елімізде Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады. Оған белгілі бір талаптар қойылады.
«Егер бізде жасанды интеллектінің өнімі пайда болса, ол ұлттық платформаға енгізіліп, біздің өнім ретінде нақтыланады. Егер де кейбір өнімдер синтетикалық әдіспен құрылған болса, оны да анықтайтын критерийлер ұсынылған», - дейді Шапақ.
Сонымен қатар, заңда ЖИ арқылы жасалған синтетикалық контентті машиналық оқуға болатын түрде және көрнекі ескертпелер арқылы таңбалау талабы енгізілмек. Авторлық құқыққа қатысты бірқатар мәселе реттеледі. Мәселен, тек ЖИ-дің көмегімен, адамның шығармашылығынсыз жасалған туындылар заңмен қорғалмайды. Алайда пайдаланушылардың шығармашылық сипаттағы сұраныстары, яғни промпттар, «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» заңға сәйкес авторлық құқық нысандары ретінде танылуы мүмкін.
«Осы заңның аясында бұл мәселеге назар аударылды. Әрине, ол әрі қарай тағы жіліктеліп, бағынышты нормативтік актілерде көрсетіледі. Дегенмен біз қазір авторлық өнім, оның ішінде жасанды интеллект қатысқан болса, соны көрсету мәселесін кіргіздік», - деді депутат.
Бұған қоса, Үнзила Шапақтың айтуынша, заңда жүйені иемденуші және жүйенің меншігі белгіленген.
«Бұл арқылы біз болашақта қандай да бір сұрақтар туындаса, жүйенің иесі кім, меншік иесі кім екенін біле аламыз», - дейді ол.
Сонымен қатар, жасанды интеллектінің адамға зиян келтіруі мүмкін бірқатар функциясын заңнамалық түрде қолдануға тыйым салынады:
- адамдардың келісімінсіз олардың мінез-құлқына әсер ететін ЖИ қолдану;
- адамның осалдығын әдейі пайдаланатын ЖИ қолдану: жас ерекшелігіне, мүгедектігіне, әлеуметтік жағдайына байланысты;
- адамдарды олардың әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалау не жіктеу (әлеуметтік скоринг);
- адамның эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін ЖИ пайдалану;
- қоғамдық орындарда адамдардың бет-бейнесін нақты уақыт режимінде тану үшін ЖИ қолдану (заңмен рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда);
- заңнамамен тыйым салынған ЖИ қызметінің нәтижелерін жасау және тарату.