«Екі жыл бойы жалған ақпарат таратып келеді»: Айтбек Амангелді Бишімбаевтың қарындасымен соттасты (ВИДЕО)

Айтбек Амангелді мен Аружан Бишімбаева арасында сот дауы туындады

«Екі жыл бойы жалған ақпарат таратып келеді»: Айтбек Амангелді Бишімбаевтың қарындасымен соттасты (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева арасындағы дау сотқа жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айтбек Амангелдінің айтуынша, өзі мен отбасы туралы жалған және бұрмаланған ақпарат тарату екі жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Ол мұндай әрекеттерге төзе бермейтінін жеткізді. Әсіресе, оның айтуынша, Аружан Бишімбаева заңдық жауапкершіліктен формалды түрде жалтару үшін өз пікірлерін ерекше тәсілмен жеткізеді.

«Аружан Бишімбаеваның маған қатысты айтқан сөздері бойынша сотымыз болды. Негізі, екі жылдан астам уақыт бойы мен туралы және отбасым жайлы түрлі жалған әрі бұрмаланған мәліметтер тарап келеді. Ол адам үшін қасиет деген ұғым жоқ, сондықтан бұл мәселені тек заң аясында шешу үшін адвокаттар жалдадым, жария түрде емес, хайпсыз, ұрыс-керіссіз. Ол Салтанат туралы көптеген орынсыз сөздер айтты. Оның үстіне мұны асқан қулықпен жасады. Негізі, заңнаманың бір тұсы бар: бір адам туралы не болса соны айтып, соңына «менің пікірімше» деген тіркес қоссаң, жауапкершіліктен жалтаруға болады», – дейді Салтанат Нүкенованың бауыры.

Ол өз сөзінде Аружан Бишімбаеваға қатысты ойын жасырмай, ашық түрде жеткізді.

«Менің пікірімше, Аружан Бишімбаева – ар-ұяты жоқ, моральдық ұстанымдары мен адами қасиеттері өте төмен адам, сол үшін маған ештеңе болмайды. Тіпті боқтасам да, бұл менің өз таңдауым ғана. Тағы да айтайын, менің пікірімше, бағалау сипатындағы пікір үшін адамды соттауға болмайды. Мысалы, «Аружан Бишімбаева есі дұрыс адам ба өзі?» деп сұрасам, мұны да жала немесе басқа құқықбұзушылық деп санауға болмайды, өйткені бұл – сұрақ. Әркімнің сұрақ қоюға да, өз бағалау пікірін айтуға да құқығы бар. Әрине, Аружан және өздерін блогер не паблик санайтын кейбір парақшалар осыны жиі пайдаланады. Бұған қоса, олар атымды әдейі бұрмалап жазады: Айтбектің орнына «Тойбек» немесе басқа атаулар қолданады. Не болмаса, бетім толық көрінбейтіндей етіп қиылған суретімді жариялайды. Осылайша адамды нақты тану мүмкін емес деп ойлап, жала жабу мен құқық бұзуға қатысты сот талабынан құтылып кеткісі келеді. Шын мәнінде, бұл – заңнамадағы үлкен олқылық. Бұл жерде біз оны нақты бір сөздер үшін емес, ең алдымен Салтанатқа қатысты барлық мәлімдемесі бойынша жауапқа тарттық», – деді ол.

Сот процесі бірнеше айға созылған. Амангелдінің айтуынша, талап-арыз ішінара қанағаттандырылғанымен, жауапкер сот шешімін орындауға асығар емес.

«Пікір айтылды, енді іс жүзінде ол өзінің әлеуметтік желілеріне ресми түрде өзгеріс енгізуі керек. Менің білуімше, ол мұны жасағысы келмейді және бұл оған өте ауыр тиіп отыр. Сондықтан апелляция, ақша және басқа да мәселелер арқылы бұл сәтті созып келеді. Талап-арыз нақты бір сөйлемдерге ғана қатысты болған жоқ, бұл ең алдымен Салтанатқа қатысты барлық жария мәлімдемес жөніндегі талап», – деді Амангелді.

Амангелді бұл мәселеде қаржылық жағы өзі үшін маңызды емес екенін айтты. Оның сөзінше, басты мақсат – жүйелі түрде жасалып жатқан шабуылдарды тоқтату.

«Шынымды айтсам, менің өз өмірім, өз жұмысым бар. Мен IT саласында толыққанды жұмыс істеймін, жақсы табыс табамын. Ешқашан ақшаға мұқтаж болған емеспін. Мен үшін маңыздысы, қарындасым туралы орынсыз сөздер айтуын тоқтатуы. Жалпы, ол әулетпен өмір бойы соттасып жүру туралы мақсатым жоқ, ол маған қызық емес. Бірақ маған және отбасыма жасалып жатқан тұрақты шабуылдарға төзбеймін. Осындай әр ісі үшін мүмкіндігінше сот талаптары беріледі», – деп түйіндеді ол.