Сәуірде теміржол жолаушыларының саны 6 есеге азайған
1 маусымнан бастап Қазақстан аумағында жолаушылар пойызы қатынайды

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімімен 1 маусымнан бастап Қазақстан аумағында жолаушылар пойызы қайта жанданып, түрлі бағытта 54 пойыз қатынай бастайды. Пойыз билеттері сатылымға түсіп, 10 күннің ішінде (15-25 мамыр) 217 мың билет сатылған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронавирус қаупіне байланысты пойыз билеттерін онлайн режимде ресімдеуді ұсынады.
2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында теміржол транспорты арқылы 5 млн жолаушы қатынаған. Жылдық көрсеткіш салыстырмалы түрде 27,9%-ға аз. Карантин енгізілген сәуір айында 204,1 мың жолаушы тасымалданды, ал наурызда 1,26 млн жолаушы. Бір ай ішінде тасымалданған жолаушылар саны 6,2 есе азайды. Бұл туралы ranking.kz жазып отыр.
Теміржол көлігімен 130,6 млн тонна жүк пен багаж тасымалданды, жылдық өсім 3,1%. Сәуірде 33,65 млн тонна жүк тасымалданды, наурызда - 34,4 млн тонна, бір айда жүк тасымалдау көлемі 2,1% төмендеді. Еске салайық, карантин жүк тасымалына тек жанама түрде әсер етті.