Қазақстаннан көшіп кеткендер саны 12%-ға қысқарды
Карантин елдегі эмиграцияны баяулатты

2020 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылаған статистер Қазақстаннан шетелге көшіп кеткендер саны өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға қысқарғанын мәлімдеді. Есесіне, елге көшіп келгендер саны бір жылда 34 пайызға артқан деп жазады Ranking.kz.
Қаңтар-наурыз айларында 7,3 мың адам Қазақстаннан көшіп кеткен. Өткен жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 8,4 мың адамды құраған болатын (12,1% артық). Көші-қон процесінің баяулауына коронавирус пандемиясы себеп болып отыр. Елде карантин жарияланғаннан кейін наурыздың 16-нан бері шетелге шығатын жолдардың барлығы жабылды.
Десе де, осы үш айда Қазақстанға қоныс аударғандардың саны 4,3 мың адамды құрап, былтырмен салыстырғанда 34,4 пайыздық өсімді көрсетті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы Қазақстаннан 45,2 мың адам көшіп кетіп, 12,3 мыңы көшіп келген.
Биыл елден кеткен 7,3 мың адамның 72,9 пайызы жұмыс істеуге қабілетті жастағы тұрғындар (16 жастан зейнет жасына дейін). 16 жасқа толмағандар саны – 1,7 мың болса, зейнеткерлер – 326 адам.
Елден көшкендердің дені – 6,4 мың адам (86,6%) Ресейге қоныс аударған. Германияға – 456, Өзбекстанға – 115, АҚШ-қа – 106, Беларусь еліне 51 адам кетті.