Атырау облысы карантин кезіндегі мерекеге 83 млн теңге бөлген
Осы уақытқа дейін жазған облыстарымыздың арасында бұл – рекордты сома
Аzattyq ruhy алдын ала қаражат бөлініп, пандемияға байланысты мерекені кейінге қалдырған қалалар мен облыстардың бюджеті қалай үнемделгенін жазады. Бүгінгі кезек – Атырау облысында.
КӨРІСУ КҮНІНІҢ ҚҰНЫ – 18 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ
Ресми сауалымыздың жауабы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің қолымен келді. Қазіргі Энергетики министрі Нұрлан Ноғаевтан кейін, 2019 жылдың 18 желтоқсанынан бастап Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов болып отыр. 2020 жылдың көктемдегі бес мерекесіне осы әкім 83 миллионнан астам теңге қарастырған.
Оқи отырыңыз: «Тамызға дейін той жоқ»: Алматы облысы үш мерекеден 36 млн теңге үнемдеді
Әкімнің орынбасары «Атырау облысы әкімдігімен қоғамдық саяси маңызы зор атаулы мерекелік шараларды өткізу жоспарланып, жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылғанын» хабарлайды.
«Атап айтқанда, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты мәдени шараға – 7 млн 350 мың теңге;
14 наурыз – көрісу мерекесіне арналған мәдени-көпшілік шараға (театрландырылған көрініс) – 18 млн 230 мың теңге;
22 наурыз – Наурыз мейрамына арналған театрландырылған мәдени-көпшілік шараға 21 млн 430 мың теңге;
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға (концерттік бағдарлама) 3 млн 700 мың теңге;
9 мамыр – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған театрландырылған мәдени-көпшілік шараға – 21 млн теңге қарастырылған», - деп хабарлайды әкімнің орынбасары.
Осылайша, наурыз және мамыр айларындағы бес атаулы датаға облыстық бюджеттен 83 миллион 160 мың теңге бөлінген.
МЕРЕКЕНІҢ ОРНЫНА – ӘДЕМІ КИІМ
Коронавирус инфекциясы таралмасын деп, елімізде 16 наурыздан бастап 11 мамырға дейін төтенше жағдай орнағаны белгілі. Сондықтан, Атырау облысы да бүкіл Қазақстан сияқты той-думан өткізбей, мерекелерді кейінге қалдырған.
Оқи отырыңыз: 33 млн теңге бөлінген Әлия Молдағұлованың 95 жылдық мерейтойы өтпей қалды – Ақтөбе облысы әкімдігі
Мереке өтпесе де, облыс басшылығы бөлінген қаражатты басқа мақсаттарға жұмсаған. Мысалы, қыз-келіншектерді құттықтай алмаған соң, әкімдік қаражаттың бір бөлігіне сахнаға арналған киім сатып алған.
«8 наурыз мерекесіне арналған 7 млн 350 мың теңгенің 5,5 млн теңгесіне облыстың мәдени шараларына қажетті сахналық киімдер алу үшін тапсырыс берілді. Қалған 1,8 млн теңге бюджетке кері қайтарылды. 14 және 22 наурыз мерекелеріне арналған шараларды өткізу үшін қарастырылған 39 млн 660 мың теңге бюджетке кері қайтарылды», - деп хабарлайды Атырау облысының әкімдігі.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысы өтпей қалған 12 шараның бюджетін неге жасырды?
Карантин әлі аяқталмаған соң, облыс басшылығы «жазда қандай шара өтетін-өтпейтіні белгісіз» деп отыр. «Өңірдегі карантин режимі аяқталған соң атаулы даталарға байланысты жоспарланған шаралар бойынша тиісті жұмыс атқарамыз» деп жауабын түйіндеді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан