Өткен жылы Қазақстанда 139,5 мың неке тіркеліп, 59,8 мың жұп ажырасты
Ажырасатындардың дені – ортақ баласы жоқ жұптар екен
2019 жылы Қазақстанда 139,5 мың неке тіркеліп, 59,8 мың жұп ажырасты. Бұл туралы Статистика комитеті хабарлады.
Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылы қиылған некелердің саны 1,2% өсіп, 139,5 мыңды құрады. Оның ішінде 98,2 мыңы (70,4%) неке – қалаларда, 41,3 мыңы (29,6%) ауылдық жерлерде тіркелген. 84,2 пайызы – моноэтникалық, 15,8 пайызы этносаралық некелер. Бірінші рет отбасын құрған ерлер – 81,8 пайыз, ал тұңғыш рет некелескен әйелдер 83,6 пайыз болған.
Алайда, былтыр 2018 жылмен салыстырғанда ажырасу көрсеткіші 9,1% артып, 59,8 мың ажырасуды тіркелген. Ажырасқандардың 73,7 пайызы – қалаларда (44,1 мың), 26,3 пайызы – ауылдық жерлерде (15,7 мың).
Ажырасу көрсеткіші бойынша ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында – 1000 адамға шаққанда 4,24 коэффициент, ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 1000 адамға шаққанда 1,76 коэффициент.
Ажырасатындардың дені – ортақ баласы жоқ жұптар (29,6%). 10 жылдан бері некеде тұратын жандар арасындағы ажырасудың жалпы деңгейі 38,5%-ды құраған.