$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Баланың тамағына - 840 теңге, бір итке 20 мың теңге»: депутат бұралқы иттерге эвтаназия қолдану дұрыс шешім дейді

Қазір депутаттар заң әзірлеп жатыр

«Баланың тамағына - 840 теңге, бір итке 20 мың теңге»: депутат бұралқы иттерге эвтаназия қолдану дұрыс шешім дейді
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин бұралқы иттердің мәселесін көтеріп, үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өткенде ғана Маңғыстау өңірінде болған оқиға барша ата-аналардың уайымын күшейтті. Өздеріңіз де естіп-біліп отырсыздар, 16 жастағы бала итке таланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Біреулер «қазір ештеңеге таң қалуға болмайды, онда тұрған не бар?» деуі мүмкін, бірақ мәнісіне терең үңілсек, бұл оқиға бірнеше қоғамдық проблеманың бетін ашып берді. Біріншіден, итке таланған баланың жасы 16-да екенін ескеру керек. Оның орнында 3-4 жастағы бүлдіршін болса, жағдайының қандай болатынын елестету қиын», - деді Жаңбыршин.

Депутат атағандай, екіншіден, бұл – ақпарат құралдарында жазылып, резонанс тудырған оқиға.

«Соған орай, облыстық ауруханада итке таланған балаға қажетті ем-шараның бәрі жасалды. Бірақ ауылдарда ит талаған баланың бәріне дұрыс медициналық көмек дер кезінде жасалып жатыр ма? Әрине, жоқ. Үшіншіден, дене жарақаты жазылар, ал баланың психикасына келтірілген зақым мен оның салдарын кім ойлайды?! Бұл дерт өмір бойы адамның тағыдырына кері әсер етпей ме? Соңғы кезде балаларды қойып, бұралқы иттер ересектерге шабуыл жасаған оқиғалар да көбейіп кетті. Сонда бұралқы, аш иттерді тыя алмасақ, жас бала мен қорғансыз кәрілерді олардан қорғай алмасақ, біз кімбіз?!», - деді ол.

Жаңбыршин бұралқы иттер туралы сөз болса, жануарлар құқығын қорғаушы кейбір ұйымдар өре тұрады.

«Түсінеміз, олар USAID сияқты батыс ұйымдарынан алған гранттарының ақшасын ақтауы керек болар. Бірақ, жануарлар құқығы Адам құқығынан жоғары болғаны ма?!Қазақстанның ең бірінші байлығы – адам, ал мемлекеттің міндеті – әуелі әр азаматтың бейбіт және қауіпсіз елде өмір сүруіне жағдай жасау. Тағы да қайталап айтамын, адамның қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Осыдан 20 жыл бұрын Алматы облысы, Талғар қаласында бес жасында ит талағаннан кейін тілі сақауланып невралгия ауруына шалдыққан кішкентай баланың тағдырын білетін боларсыз. Оның ата-анасы қызын емдету үшін қанша уақыт, қанша қажыр, қанша қаражат жұмсады – оны кім есептеді, кім компенсация төледі? Ешкім. Мұндай оқиғалар ел ішінде көп», - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин осындай оқиғаларды шетелден гранталғыш ұйымдар зерттемейтінін айтты.

«Бұралқы, қаңғыбас, ауру иттердің «құқығын» қорғаушылар ең алдымен итке таланып, ауруханаға түскен басқа емес, өз баласы деп елестетіп көрсін. Қолданыстағы заңнама аясында бұралқы иттерді ұстап, оларға стерилизация, екпе жасап, қайтадан бос жіберу қарастырылған. Бірақ мұндай практика бізді алаңдатып отырған проблеманың шешімін табуға көмектеспеді. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 38 мыңнан астам адамды иттер қабады. Ойланып қараңыздаршы, сонда күніне 104 адамды ит талайды. Ал оның кемінде жартысы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл – ресми цифрлар, қорқынышты әрі сұмдық статистика», - деді ол.

Қазір бірнеше Мәжіліс депутаты осы мәселені реттеу үшін заң жобасын әзірлеп, Парламентте талқылап жатыр.

«Өйткені босатып жіберген бұралқы ит қоғамға қауіпті және экономикалық жағынанда тиімсіз болып тұр. Табиғи тұрғыда көбею мүмкіндігінен айрылғанымен, хайуан өзінің хайуандығын қоймайды. Оның үстіне, қаңғысбас иттердің басты инстинкті – аштықпен күрес екені белгілі. Аш ит адамға шабуыл жасаудан тайынбайды. Оның үстіне, қаңғыбас иттер түрлі жұқпалы аурулар таратады. Қала мен ауылда қаңғыбас иттердің саны азаймай отырғанының бір себебі – оларды асырап алған адамдардың жауапсыздығы. Қаңғыбас иттерді арнайы үй-жайларда ұстап, оларды күтіп-бағуға мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша бөлінеді. Есептеп көріңіздер, мектепте бір баланы тамақтандыруға мемлекеттік бюджеттен күніне 840 теңге бөлінеді, ал бір итті стерилизация, вакцинация, чиппен және операциядан кейін күтіп ұстауға 20 мыңнан 40 мыңға дейін қаржы керек екен. Әділет қайда? Адамға деген жанашырлық қайда?», - деді ол.

Депутат сондықтан, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР заңына біздер ұсынған иесіз, бұралқы иттерді 15 күннен соң эвтаназия әдісімен ұйықтату нормасы – гуманистік шешім екенін айтты.  

«Бұл АҚШ, Жапония, Израиль, Франция, Ұлыбритания, Литва сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын әдіс. Тіпті скандинавия елдерінде Ресейден бұралқы иттер шекарадан өтіп кетсе, бірден атып тастайды.Осыған орай, қоғамда қажетсіз дау көтеріп жүрген кейбір «жануар құқығын» қорғаушылар ең алдымен адам құқығы мен адам қауіпсіздігі деген мәселені еске алсын. Тіпті олар ақбөкендер мен Каспийдің ит балығы мыңдап қырылғанда неге бастарын бұғып үндемей қалды? Әлде батыста отырған «дирижерлері» гранттарын тек иттер мен мысықтарды қорғау үшін берді ме?», - деді депутат.

Оның айтуынша, бұралқы иттердің мәселесін қоғамда жүйелі түрде шешу үшін, Үкімет келесі мәселелерді қолға алуы керек:

  • Бірінші, өздерін «зооқорғаушылармыз» деп тіркелген барлық ұйымдардың қандай көздерден және қандай мақсатта қаржы алғанын тексеру қажет;
  • Екінші, Азаматтарды, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік желілер мен БАҚ-да балағаттап, қаралау, жала жабу фактілерін зерттеп және зерделеп, оларды ұйымдастырып отырған тұлғаларды анықтап, олардың іс-қимылына құқықтық баға берілуі тиіс;
  • Үшінші, қолданыстағы заңның аясында жаппай көшедегі бұралқы иттерді ұстап, қамау шараларын алсын, агрессия көрсеткендерін және жұқпалы аурумен ауратындарын эвтаназия жасау мүмкіндіктерін қарастырсын.
Серіктес жаңалықтары