«Ауызашарға бармаңыздар». ДСМ өкілі қазақстандықтарды қонаққа бармауға шақырды
Комитет төрағасы әзірге облыстар арасындағы блок-бекеттерді ашуға болмайтынын айтты
Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет төрағасы Тимур Сұлтанғазиев жаппай скрининг жасау нәтижесінде вирус жұқтырғандар көп анықталып жатқанын айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда COVID-2019 инфекциясын жұқтырған азаматтардың саны 6500-ге жуықтады. Соңғы бір тәулікте 283 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Комитет төрағасы мұның себебін скрининг пен карантин талаптарының жеңілдетілуінен деп есептейді.
Айта кетейік, мемлекеттік комиссия карантин шараларын қатаң ұстануға кеңес бере отырып, ел бойынша көп мекемелердің жұмысына рұқсат берді. Мәселен, бүгіннен бастап Нұр-Сұлтанда дәмханалардың жазғы алаңдары ашылып, 30 орындық тамақтану орындарының да қызметі жандана бастады. Бірақ, әртүрлі қызметті ұсынушы да, тұтынушы да карантин талаптарын орындамай жатыр екен.
«Вирус карантин талаптарын сақтамаған соң көбейіп жатыр деп айтуға болады. Өзіміз көріп отырмыз, Нұр-Сұлтанда топтасып, маскасыз жүрген адамдарды көріп жүрміз. Бір-бірінің үйіне қонаққа барып жатыр. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында, карантинге қарамастан ауызашарға барып жатыр. Сондықтан вирустың таралуын ушықтырмау үшін ешкімді қонаққа шақырмаңыздар, өздеріңіз де қонаққа бармаңыздар», - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Бұдан өзге, ол скрининг тесттердің «арқасында» да вирус жұқтырған адамдардың саны күрт артып кетті дейді.
«Сәуір айының ортасынан бастап, жалпылама скрининг тестер енгізілді. Осы жаппай тестілеу нәтижесінде, коронавирус симптомсыз жүріп жатқан науқастарды тауып жатырмыз», - деп түсіндірді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, әзірге облыстар арасындағы блок-бекеттерді мүлде ашуға болмайды.
«Аймақтардағы эпидемиологиялық жағдай әртүрлі. Мәселен, қазір Шымкент пен Атырау облысында вирус өршіп тұр, ал, өсім төмендеген басқа облыстарда карантин шаралары жеңілдетілген. Егер блок-бекеттерді ашса, аймақтар арасында инфекция көп таралып кетеді», - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан