Алматыда ХҚКО-ға келген адамдар 5 млн теңгенің аппаратына тексеріледі
Аппарат әр адамның дене қызуын бір секундта анықтайды
Тұрғындар тек тексерілістен соң ғана ғимаратқа кіре алады. Құнды тепловизонды камераны ХҚКО кәсіпкер сыйға тартқан. Ол аппарат бір сәтте 30 адамның дене қызуын өлшей алады. Одан бөлек ғимаратқа бет пердесіз, қорғаныш құралынсыз келген адамды да анықтайды. Қауіпті пандемияның таралмауына көмегін тигізетін аппараттың құны 5 миллион теңге тұрады.
«Бізге Айдар осындай бірегей аппаратты тегін ұсынды. Оның үстіне, бұл әлемдік инновациялық өнімдер өндірудегі әлемдік жетекші «Hikvision» компаниясының өнімі екен. Вирусты жұқтырудың негізгі симптомдарының бірі жоғары температура болып табылатыны белгілі. Демек, жоғары температура дәлдігі бар тепловизионды камера алдын ала тексеру жүргізу үшін дененің жоғары температурасын анықтай алады. Біз аппаратты қуана қабылдап, Медеу ХҚО-на қойдық. Осындай игі ісі үшін Айдар Жақыповқа алғысымызды білдіреміз. Осыған дейін ол өзі басқаратын бактерицидті шамдар шығаратын компаниясының өнімімен Медеу ауданындағы ХҚО кабинетін жабдықтап берген еді. Біз шын жүректен қуаныштымыз», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.
ХҚКО келген адамдар аппараттан тексерілу кезінде кезекке тұрып, кептелісте жиналмайды. Өйткені аппарат әр адамның дене қызуын бір секундта анықтайды. Медеу ауданының фронт-офисіне қойылған тепловизонды камера 2,5 метрге дейінгі қашықтықтағы адамның жағдайын анықтайды.
Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын әлі бастаған жоқ. ХҚКО-лар азаматтарға мемлекеттік қызметтерді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері тиісті шешім қабылдағаннан кейін ғана көрсете бастайды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы