$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.05.2020, 16:25
Қоғам

«52 млн теңге шығынға баттық»: Бурабай мен Зерендідегі демалыс орындары банкрот алдында тұр

Былтыр 7,5 млрд теңге табыс тапқан кәсіпкерлердің биылғы пайдасы 1 млрд теңгеден әзер асты

«52 млн теңге шығынға баттық»: Бурабай мен Зерендідегі демалыс орындары банкрот алдында тұр

Қазақстанның туризмы десе көз алдымызға дереу Бурабайды, Көлсай мен Қайыңдыны, Шарынды, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін елестететініміз өтірік емес. Өйткені, бұл нысандар туристер баратын еліміздегі негізгі орындардың көшін бастайды.

Коронавирус пандемиясына байланысты осы аталған туристік нысандардың барлығы соңғы 2 айдан бері жұмысын алаңсыз тоқтатқан. Сыртқы туризммен қатар ішкі туризм де тоқырауға түсіп, толайым табыстан айрылды. Әсіресе, Ақмола өңіріндегі туристік нысан иелері зор шығынға батқан. Бурабай мен Зерендідегі демалыс орындарының барлығы қаңырап бос тұр.

Қысы қытымыр солтүстікте жаз екі-үш айдың айналасында ғана болады. Осы жылы маусымда жергілікті халық жылдық азығын қамдайды. Алайда, пандемия биыл ақмолалық кәсіпкерлерді зор қиындыққа душар етті. Былтыр күзде жабылған туристік нысандар күн жылынса да әлі ашылған жоқ.

«АЙЫНА 3 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ТАБЫС ТАБАТЫНБЫЗ...»

Зерендідегі демалыс орындарының біріне иелік ететін кәсіпкер Исатай Аңсат миллиондаған табыстан айрылып, жұмысшыларын ақысыз демалысқа жібергенін айтты.

«Біз қар ерімей ерте көктемде-ақ жұмысты бастап кететінбіз. Мәселен 8 наурызда жігіттер өздерінің жұбайлары мен қалыңдықтарын әкеліп, мерекемен құттықтайтын. Наурыз мейрамында да демалыс аймағында жұрт аяғы басылмайды.

Бір айдың ішінде ғана 3 миллион теңгеге дейін табыс табатын едік. Бірақ биылғы көктемде коронавирус кесірінен карантин болып, кәсіп тоқтады, өзіміз тақырға отырдық. Жұмысшыларымды үш айға ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдым. Нағыз табыс табатын жылы маусымда жолымыз болмай тұр», - дейді Зеренді ауданындағы демалыс аймағының иесі Исатай Аңсат.

Кәсіпкердің айтуынша, өңірде карантин шаралары бәсеңдегенімен, бекітілген талаптар қолды бұғаулап тұр. Демалыс орнын ашқанмен, елдімекендердің іргесінен блок-бекеттер алынбаған. Сондықтан туристер демалыс орнына келе алмайды. Ал, ғимараттың коммуналдық шығындарын төлеудің өзі қыруар қаражатты қажет етеді.

Бұл орайда демалуға ниет білдіргендердің ақылы анализ тапсыруға қажеттілігі де туристік орын иелеріне кедергісін келтірген. Ал, коронавирусты тексеретін экспресс-тест қарапайым халықтың қалтасына батады. Тесттің ең арзаны 11 мың теңгеден басталады. Ал, демалыс орнының иелері күн сайын нысанды дезинфекция жасап отыруы тиіс, бұл да қып-қызыл шығын.

ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ АҚЫСЫЗ ДЕМЛЫСҚА КЕТТІ 

Өңірдегі туризм саласы жақсы дамыған Бурабай өлкесіндегі демалыс орындары да шығынға белшесінен батқанын айтып, дабыл қағуда.

«Біз қазір тек шығынға батып жатырмыз. Жұмыс істеуге әлі рұқсат берілген жоқ. Пойыздар жүрмейді, блок-бекеттер әлі алынған жоқ. Ал, осыған қарамастан біз жарық, жылу, телефон байланысы сияқты коммуналдық төлемдерді төлеуге мәжбүрміз. 22 наурызда 180 демалушыны уақыты аяқталмастан кері қайтардық. Сондай-ақ, жұмысшыларымыздың 50 пайызын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдық.

Олар төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңгеден жәрдемақы алды. Дегенмен, шығын батсақ та елу шақты жұмысшыны күнделікті жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Біз 4-5 маусымдық туристер легінен айрылып қалдық. Әдетте наурыз айынан бері бізде шамамен 400 адам демалатын. Қазір есептеп қарасақ, бүгінге дейін шамамен 52 миллион теңге сомасында шығынға баттық, - деді «Алмаз» шипажайының атқарушы директоры Қымбат Қайдаров.

ШИПАЖАЙЛАР БЫЛТЫР – 7,5 МЛРД, БИЫЛ НЕБӘРІ 1 МЛРД ТЕҢГЕ ТАБЫС ТАПҚАН

Кәсіпкерлердің тағы бір проблемасы – мемлекеттен алған тапсырысты орындай алмай отыр. Сол себепті шипажайлар тендер талаптарын алдағы маусымда жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен хат алмасқан. Тек қазірдің өзінде «Алмаз» шипажайында жыл соңына дейін тендер арқылы бөлінген 7500 адамға жолдаманы жабу қажет. «Қазіргі жағдайда біз жыл соңына дейін де бұл мәселені шеше алмайтын түріміз бар», - дейді шипажай басшысы.

Облыс басшылары болса кәсіпкерлердің шығынға батқанын растап отыр. Тек қолдан келген көмекті ғана көрсетіп отырмыз дейді шенділер.

«Иә, туристік нысандар расымен де төтенше жағдайға байланысты аса ірі көлемде шығынға батуда. Былтыр облыстағы туристік демалу нысандары 7,5 миллиард теңге сомасында кіріс тапқан. Биылғы статистикалық болжамдар бойынша өңірдегі туристік нысандардың табысы 1 миллиард теңгеден сәл ғана асады. Әрине, бұл орайда қандай да бір кесімді ой айту қиын.

Дегенмен, мемлекет тарапынан бизнес иелеріне барынша қолдау көрсетілуде. Төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлердің салықтары, несиелердің төлемдері кейінге шегерілді. Туристік нысандарға баратын жолдарды жөндеуге қыруар қаражат бөлінуде. Мәселен, тек Бурабай кентіндегі жолдар мен көшелерді жөндеуге бюджеттен 71 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді. Мемлекет бизнестің дамуына мүмкіндігінше қолдау жасайды», - деді Ақмола облысы Туризм басқармасының басшысының орынбасары Алмас Сағдиев.

1 АПТАДА ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛСА, БЛОК-БЕКЕТТЕР АЛЫНАДЫ

Ақмола облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тек вирус қаупі сейілген кезде ғана шекараны ашатынын айтып отыр.

«Біз бір апта бойы өңірдегі жағдайды бақылаймыз. Егер барлығы ойдағыдай болса, блок-бекеттер ашылып, бизнес нысандары жұмысын жалғастыра алады. Ал, әзірше туристік демалыс орындарына тек қонақжай ретінде демалушыларды қабылдауға рұқсат берілген. Келушілерді емдеу, басқа да ақылы қызметтер көрсете алмайды. 1 маусымнан бастап елімізде пойыздар қатынасы іске қосылмақ.

Сондықтан алдағы уақытта демалыс орындары карантиннен кейін келген шығындардың орнын толтыруға мүмкіндік алады. Әрине, вирус қаупі әлі басылған жоқ. Сондықтан, блок-бекеттерді алып тастап, демалыс орындарына қабылдауға рұқсат берсек, адамдардың денсаулығына қатер төндіреміз. Сондықтан, біз үшін туристік және демалу нысандарының табысынан бұрын халықтың денсаулығы маңызды, - дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.

Туристік демалыс нысандары мәселенің шешімін таппаса, бірнеше шипажай банкрот жариялауы мүмкін.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары