Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевтан 16 млн теңге өндіріп алды
Оның 6 млн теңгесі материалдық, қалғаны моральдық шығын
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Салтанат Нүкенованың туған ағасы Айтбек Амнгелдінің түрмеде отырған Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап-арызы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талаптар заңды күшіне енген айыптау үкіміне негізделген.
Салтанат Нүкенованың ағасы қайғылы оқиға салдарынан моральдық азап шеккенін, денсаулығының нашарлағанын және қайғылы оқиғаға байланысты еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанын айтқан.
Айтбек Амангелді қылмыстық іс аясында заң қызметтеріне төлеуге кеткен шығындарды өтеуді де талап еткен.
«Сот парасаттылық пен әділдік қағидаттарын негізге алып, жақын туысының қайтыс болуы сөзсіз талап қоюшының моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талап-арызды ішінара қанағаттандырды», - деп мәлімдеді Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Осылайша Қуандық Бишімбаевтанқылмыстық іс бойынша келтірілген 6 877 672 теңге материалдық шығын мен 10 млн теңге моральдық зиян өндірілетін болды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Айтбек Амангелді қарындасын өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаевтан моральдық және материалдық шығын өндіріп алу үшін талап-арыз бергенін мәлімдеген еді. Марқұмның ағасы нақты қанша талап етіп отырғанын ашып айтпады.
Естеріңізге салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Қылмыс 2023 жылы 9 қарашада елорданың сол жағалауындағы мейрамханада жасалған болатын.
Ал Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.