Жаяу жүргінші өлімі қай өңірде көп тіркеледі
Қайғылы оқиғаның жиі тіркелу себептері айтылды
Қазақстанда ең көп жаяу жүргінші өлімі қай өңірде тіркелетіні жайлы бүгін Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өлімнің төрттен бірі – жаяу жүргіншілерді қағып кету. Олардың ең үлкен үлесі Маңғыстау, Алматы, Қызылорда облыстарына тиесілі. Себеп – жаяу жүргіншілер жолдардың, жарықтардың, тротуарлардың болмауы», - деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылдың 6 айында жол-көлік оқиғасы салдарынан мыңға жуық адамның мерт болғанын, жаяу жүргіншілер негізінен қауіпсіз өткелдердің, жарықтандырудың және тротуарлардың болмауынан қаза табатынын айтты.
«Мысалы, 18 маусымда Алматы облысының Шелек кентінде (Шелек-Қорғас жолында) 10-сынып оқушысы жолдан дұрыс емес жерде өткендіктен, қаза тапты. Бұл оқиға кешкі уақытта болған. Жаяу жүргіншілер өткелі де, жарықтандыру да болған жоқ.
Өңірлердің әкімдіктері бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінің санын көбейтіп, қоршаулар мен жарықтандыруды орнатуы қажет. Ең алдымен, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында, Алматы мен Шымкентте жұмысты күшейтуді тапсырамын», - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, жыл басынан бері мопед апаттарынан 27 адам қаза тапқаны белгілі болды.