Киіктер саны 4 миллионнан асты: Экология министрі ең көп зардап шеккен аймақты атады
Сонымен қатар егіс алқаптарын қорғау шаралары айтылды
Төлдеу маусымынан кейін киіктер саны 4 миллионнан асты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкіметтегі баспасөз конференциясында киіктерден шаруалардың егіс алқаптарын қорғау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өздеріңізге мәлім, сәуір айында Мемлекет басшысы киіктер санына байланысты реттеу жұмыстарын тапсырды. Соған байланысты министр толығымен осы диқаншыларға ауыл шаруашылығы жерлерін қорғау іс-шараларын қолға алды. Атап айтқанда, 175 инспектор, 77 техника бар. Сәуірдегі санақ бойынша, бізде 2 млн 833 бас киік бар деп есептейміз. Бірақ мамыр айында төлдерін есептегенде, сайғақтар саны 4 миллионнан асты», - деді министр.
Ерлан Нысанбаев дихандарға келетін залалдың алдын алу туралы айтты.
«Әрине, проблемалар бар. Біз өткенде орынбасарыммен барып, мән-жайды өз көзімізбен көріп, диханшылармен кездесу өткіздік. Сол іссапардың нәтижесі бойынша біз біраз іс-шараны қолға алып жатырмыз. Ол инспектор санын көбейту, техникамен қамтамасыз ету. Бюджеттен тыс қаражат көзін табу ісін қолға алдық.
Жалпы, ең күрделі жағдай Батыс Қазақстанда. Бетпақдала популяциясында нақты күнделікті жүріп жүрген жерлері белгілі. Біздің бір байқағанымыз, олар қалай болса, солай жүрмейді. Егіннің бір шетінде ғана жүреді, сол жерлерде тосқауыл бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда. Бұл жерде жеңілдеу. Ал енді, Батыс Қазақстан болса, ол жақта көбіне зардап шегіп жатқан шабындық пен жайылым жер. Бұл табиғи жерлер. Сол жерлерді қорғау жұмыстары қиын болып тұр. Дегенмен де, жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп қорытындылады сөзін ол.
Айта кетерлігі, маусым айында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктерден зардап шеккен фермерлердің тізімін берді.