Қайтарымсыз грант кәсіптің көзін ашуға мүмкіндік береді

Azattyq Rýhy

Қосшы қаласындағы Мансап орталығының директоры қаладағы жағдайды баяндады 

Қайтарымсыз грант кәсіптің көзін ашуға мүмкіндік береді
Фото: Azattyq Rýhy

Қосшы қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар жыл сайын беріліп келеді. Биыл да қайтарымсыз грант берілді. Бұл жұмыстар жергілікті Мансап орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Қайтарымсыз қаражатты алудың талаптары мен тәртіптері, жалпы Мансап орталығының жұмыстары туралы Azattyq Rýhy тілшісіне аталған орталық директоры Махаббат Исина әңгімелеп берді.

 – Қайтарымсыз грант кімдерге беріледі және қандай талаптары бар?

 – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында өткен жылы 10 адамға қайтарымсыз грант берілсе, биыл тағы 10 адам кәсіптерін бастауға мүмкіндік алып отыр. Басынан түсіндіріп өтсек, мемлекеттік грант — бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Бұл жоба Қосшы қаласының Мансап орталығы арқылы жүзеге асуда.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Кәсіпті бастауға берілетін қайтарымсыз қаражат жоғарыда айтып өткенімдей халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Оларға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар жатады. Грант алуға өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру алдын ала ресми интернет-ресурстарда жарияланады. Кәсіпкерлікті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында былтыр 10 жобаға қайтарымсыз қаражат берілді. Осы мемлекеттік көмектің арқасында 10 кәсіпкер сұлулық салонын, тігін ательсін, глютенсіз нан-тоқаш өнімдерін шығаратын шағын цех, сүт өнімдерін алатын мал басын өсіру, шағын наубайхана, хирургиялық кабинет, калифорниялық құрт өсіретін кәсіптер ашып, нәпақа тауып отыр. Қайтарымсыз грант енді кәсіп бастағысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік деп айта алам.

 – Грант қаражаттары қандай мақсаттарда пайдаланылуы тиіс?

Қаражаты бизнес жоспарда көрсетілген мақсатқа сай игерілуі тиіс. Қайтарымсыз грант қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алумен қатар басқа да талаптарға сай мақсаттар бойынша пайдаланылады.

 – Осы берілген гранттарды мақсатсыз пайдалану жағдайлары кездесе ме?

 – Кәсіп бастауға берілетін қайтарымсыз қаражат берілгенен кейін біз кәсіпкерлерге 3 ай уақыт береміз. Сосын 3 айдан кейін біздің мамандар мониторингке шығып, граттың мақсатты пайдаланылуын тексереді. Грант берілген кезде қаражаттың нақты неге жұмсалатыны бойынша бизнес-жоспар болады. Соған сәйкес бақылау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы грант алған азамат бір айдан кейін бізге есеп тапсыра бастайды. Яғни, алған қаражатының жұмсалу бойынша чек түбіртектерін көрсете отырып, қаржының мақсаттылылығын растауы тиіс. Мысалы, сән салонын ашатын болса, соған сәйкес бас жуатын құрылғы, шаш қиятын заттарды сатып алғаны туралы түбіртек береді. Біздің орталықта грантты мақсатсыз пайдалану фактілері болған жоқ. Бірақ грантты алып, оны денсаулығына, отбасы жағдайына байланысты игере алмаған бірең-сараң жағдайлар кездесті. Оларды біз сот шешімі арқылы алған қаражатты мемлекетке қайтаруға қоямыз немесе өз еріктерімен де қайтаратын жайттар болады.

 – Қосшы қаласында қанша жұмыссыз адам тіркелген?

Қазіргі уақытта қаламызда 311 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның көбісі, шамамамен 100-ден аса адам жұмысынан айырылғандар. Олар мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы жәрдемақыны алып отыр. Ал жұмыссыз адамдарға мүмкіндігінше бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Біздің орталықтың мамандары күн сайын бос жұмыс орындарына лайықты деген тіркелген жұмыссыз адамдарды тауып, олардың жұмыспен қамтылуына қолдау жасайды.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да жұмыспен қамту басты назарға қойылған. Бізде жұмыспен қамтылуы тиіс мүмкіндігі шектеулі 2 азамат есепте тұр. Бізге жыл сайын квота беріледі. Осының негізінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастырамыз. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар да жоғарыда айтып кеткендей грант алатын конкурсқа қатысып, өзінің бизнес жоспарын көрсете алады.

– Мансап орталығы  бос жұмыс орындары жәрмеңкесін қаншалықты жиі ұйымдастырып тұрады?

Жұмыссыздықты азайтудың бір амалы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру. Қосшы қаласында мұндай шара жүйелі түрде өтеді. Шараның өтетіні жөнінде ақпарат барлық жұмыс берушілерге, есепте тұрған жұмыссыздарға алдын ала телефонмен хабарландырылады. Ол туралы көпшілік халық әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады. Көп жағдайда кейбір кәсіпорындар өздеріне лайық мамандарды таппай, кадр тапшылығын сезінеді. Ал, дәл сол уақытта қолынан іс келетін жандар екі қолға бір күрек боларлық жұмыс таппай, сергелдеңге түсіп жүруі мүмкін. Сондықтан да, жұмыс беруші мен іздеушінің жүздесуіне қолайлы алаң – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі деп айтқым келеді. Жұмыссыз адамдар түрлі порталдар арқылы есепке тұрыпы, өзіне ыңғайлы жұмыс табу мүмкіндіктерін пайдала алады. Жалпы көпшілігі еңбек биржасы арқылы тіркеледі. Барлық бос жұмыс орындары еңбек биржасында бар. Сосын еңбек биржасы да ыңғайлы. Онда жұмыс іздеп жүрген адам ешқайда бармай-ақ үйде отырып аталған порталға тіркеліп, бос жұмыс орнына өтініш бере алады. Сол жерде жұмыс беруші оны әңгімелесуге шақырып, тиісті процедуралардан өткізе алады. Қосшыда 80-нен аса бос жұмыс орны бар. Бұл цифр апта сайын жаңарып, өзгереді.

 – Жастарды жұмыспен қамту туралы не айтуға болады?

Енді ғана оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту бағытында тиімді мемлекеттік бағдарлама бар. Әлі тәжірибесі жоқ, еңбек нарығын көрмеген жасқа жұмыс табыла қоймайды. Бірақ «Жастар практикасы» немесе «Алғашқы жұмыс орны» сияқты бағдарламалар жастарға ұсынылып отырған мемлекеттік көмектің бірі деп айта алам. Биыл осы бағдарлама бойынша 30 адамды жұмысқа жіберу жоспарлануда. Қазіргі кезде 19 жас бағдарлама аясында жұмыс істеп жатыр. Студенттер енді маусым-шілде айында қолдарына диплом алады. Сондықтан бұл бағытта жастарды жұмыспен қамту жұмыстары жалғасын табады. Жастар практикасын оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ жастар қатыса алады. «Жастар практикасы» бойынша төлем бір жылға дейін жүргізіледі, ал «Алғашқы жұмыс орнына» қатысу ұзақтығы – 18 айдан аспайды.

 – Әңгімеңізге рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.