Қазақстаннан ақшаның заңсыз шығарылып жатқанын дәлелдеу өте қиын – агенттік

Құқық қорғау блогына күмәнді операцияға қатысты шешім қабылдау үшін уақыт беріледі

Қазақстаннан ақшаның заңсыз шығарылып жатқанын дәлелдеу өте қиын – агенттік
фото: freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Раисов елден капиталды заңсыз шығару операцияларына қалай тосқауыл қойылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, агенттіктің капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу бойынша жұмысы екі бағыттан тұрады: құқық қорғау және барлау блогы. Табысты жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл барлау блогына жүктелген. Екінші деңгейлі банктер Қаржылық мониторинг агенттігіне күмән туғызған операциялар туралы хабарлайды.

«Бәрі тіркелген соң, операцияны уақытша тоқтату немесе ілгерілету туралы соңғы шешімді агенттіктің лауазымды тұлғасы қабылдайды. Бізге бұл үшін уақыт беріледі. Агенттікте Big data, көлемді деректер базасы, талдау құралдары секілді ақпарат көздері бар. Бұлар операцияның қауіп-қатерін немесе күмәндәлікті тез арада анықтауға мүмкіндік береді», деп түсіндірді Раисов Сенатта өткен отырыста.

Күмәнді операцияға қатысты шешім қабылдау үшін құқық қорғау блогынан үш тәулік беріледі. Қажет болған жағдайда, тағы 15 тәулікке ұзартылады.

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары капиталдың заңсыз шығарылғалы жатқанын дәлелдеу оңай емес екенін атап өтті.

«Көптеген проблема бар. Себебі Ұлттық банктің, оның филиалдарының, Мемлекеттік кірістер комитетінің қорытындысы талап етіледі. Құқық қорғау блогына ақшаның заңсыз шығарылып жатқанын немесе уақытында қайтарылмағанын дәлелдеу айтарлықтай қиын. Қылмыстық жауапқа тарту практикасының өзі де, менің ойымша, әлсіз», - дейді ол.

Дегенмен Раисов капиталдың заңсыз шығарылуына жол бермеу үшін агенттікте барлық тетік бар деп санайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.