Алматы тұрғыны үйінде сақтаған шолақ мылтық ұрланған айғақ зат болып шықты
Қару 2018 жылдан бері ұрланған деп тіркеліп, қылмыстық іс бойынша айғақ зат ретінде есепте тұрған
Алматыда полицейлер жергілікті тұрғынның үйінен тіркелмеген шолақ мылтықты анықтады. Кейін белгілі болғандай, бұл қару 2018 жылдан бері ұрланған деп есепте тұрған және қылмыстық іс бойынша айғақ зат ретінде тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері азаматтық қаруды сақтау талаптарының сақталуын тексеру кезінде қару иесінің сейфін қарап шыққан. Тіркелген аңшылық мылтықтарымен бірге сейфтен тіркелмеген шолақ мылтық табылған.
Ер адамның айтуынша, ол қаруды биыл көктемде Іле өзені маңында аңшылық кезінде тауып алған. Тапқан затын үйіне алып келіп, полицияға хабарламай және өз еркімен тапсырмай, сейфте сақтап келген.
Полицияның дерекқорын тексеру барысында табылған қарудың 2018 жылдан бері ұрланған деп тіркелгені және бұған дейін қозғалған қылмыстық іс бойынша айғақ зат ретінде есепте тұрғаны анықталды.
«Қару тәркіленді. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция табылған қаруды өзінде сақтауға немесе алып жүруге болмайтынын еске салды. Мұндай жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет. Қаруды заңсыз сақтау заң бойынша жауапкершілікке әкеледі, ал дер кезінде хабарлау ықтимал қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.