Қарағандыда Данияр Елеусіновтің әйеліне қатысты сот үкімі шықты
Оған 432 500 теңге айыппұл салынып, 2 млн теңге өтемақы өндірілді
Қарағандыда олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты сот үкімі шықты. Ол екі көршісін ұрды деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға ақпан айында болған. Жәбірленуші Әсел Жабықбаеваның айтуынша, спортшының жұбайы Саида атасына қатысты ескерту жасап, бірден агрессия танытқан. Ол көршісінің ішінен теуіп, шашынан жұлған. Сол сәтте оқиғаға айыпталушының атасы да араласып, екінші әйелді басынан ұрған.
Соққыға жығылған анасы мен қызы полицияға арызданып, дене жарақаттарын сараптамадан өткізген. Олар жанжалды боксшының әйелі бастады деп айыптады.
Әлихан Бөкейхан аудандық сотының судьясы Бақтияр Ақанов күдіктінің айыбы толық дәлелденгенін мәлімдеді. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін-өзі қорғағанын айтқанымен, сот сараптамалар мен куәгерлердің түсініктемелері негізінде басқаша шешім қабылдады.
Сот үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жәбірленушілердің пайдасына 1 миллион теңге моральдық өтемақы және адвокат қызметі үшін тағы 1 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарылды. Сотталған азамат бұл шешіммен келіспейтінін және аппеляциялық шағым түсіретінін айтты.
Қазіргі уақытта боксшы Данияр Елеусіновтің өзі де уақытша ұстау изоляторында отыр. Ол Астанада көлікті мас болып жүргізгені үшін 20 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.