Алматы әуежайында мас жолаушылар қоғамдық тәртіпті бұзды
26 жастағы бұзақыға 129 750 теңге айыппұл салынса, екіншісінің ісі сотқа жолданды
Алматы әуежайында тіркеу кезінде жанжал шығарған екі ер адам Астанаға ұшатын рейске жіберілмеді. Жолаушылардың екеуі де мас болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына әуекомпания өкілдерінің шақыртуымен жеткен тәртіп сақшылары 37 жастағы Алматы тұрғыны мен 26 жастағы Түркістан облысының тумасын рейстен түсірді. Медициналық тексеру екі азаматтың да мас екенін растады. Сонымен қатар, жасы кіші жолаушы өзін өте агрессивті ұстап, былапыт сөздер айтып, қоғамдық орынның шырқын бұзған.
Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, 37 жастағы жолаушыға қоғамдық орынға мас болып келгені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл құқық бұзушылықты қайталап жасағандықтан, іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Сондай-ақ, оның сөзінше, 26 жастағы жолаушы бірден екі бап бойынша жауапкершілікке тартылды. Ол мас болғаны үшін 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл арқаласа, ұсақ бұзақылығы үшін сот шешімімен қосымша 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері әуежай мен өзге де көлік нысандарында қоғамдық тәртіпті бұзу жоспарланған сапардың бұзылуына ғана емес, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын қатаң ескертеді.