$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кұдағи Алена», «Юлия супер», Мусин мен Баталов: Бишімбаев сотындағы атышулы кейіпкерлер мен есімдер

Жоғарғы соттың тікелей эфиріндегі процесс бір айға созылды 

«Кұдағи Алена», «Юлия супер», Мусин мен Баталов: Бишімбаев сотындағы атышулы кейіпкерлер мен есімдер
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Астанада әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оған көмектесті деген айыппен қамалған туысы Бақытжан Байжановтың соты резонанс тудырғаны анық. Күні кеше, 24 сәуірде, сот аясындағы тергеулер аяқталды. Тараптардың пікірталас уақыты 29 сәуірге белгіленді.

Осы кезге дейін Бишімбаев сотына қатысқандар арасында елді «таң қалдырған» кейіпкерлер мен есімдер болғаны жасырын емес. Олар кімдер және әрқайсысының іске қандай қатысы бар – Azattyq Ruhy еске алады.

«ЖЫНДЫНЫҢ САНДЫРАҒЫ»: ТАНЫМАЛ КӘСІПКЕР РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ

22 сәуір күні өткен сот отырысында танымал кәсіпкер Райымбек Баталовтың есімі аталды. Бейнежазбада Бишімбаев марқұм әйелінен «сен онымен (Баталовпен – ред.) жақындастың ба?» деп сұрап, тергеген.

Алайда, Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді былай деп түсіндірді:

«Линара және Райымбек Баталовтарға хейт кетіп жатқанын білемін. Мен олар да сот отырысынан зардап шеккен басқа да тараптар секілді жәбірленуші деп ойлаймын. Сотталушының ойындағы нәрсе - тек оның басындағы нәрсе. Кеше біз телефоннан бейнежазбаны қараған кезде судья вилеолардың аяқ жағынан бастап қойды, сондықтан көпшілік түсінбей қалды. Видеоның басында Салтанат ұзақ уақыт бойы өзіне қойылған сұрақтарға нақты жауап береді, ал айыпталушы өзіне керекті жауапты алмайынша, бір сұрақты қайталап қоя берді. Біз сот отырысында кейбір бейнежазбаларды қайта қарауға мәжбүр болдық, өйткені қорғаушы тарап кейбір деректерді жоққа шығарды», - дейді Айтбек Амангелді.

Айтбек Амангелді instagram парақшасында көпшілікке түсінікті болуы үшін бұл видеоны тағы бір рет (және соңғы рет деп үміттенді – ред.,) Салтанаттың жауабын тыңдатқызды. Бейнежазбада Нүкенова Бишімбаевтың «сен онымен жақындастың ба?» деген сұрағына бірнеше рет «жоқ, ешқашан» деп жауап береді.

Ал, бизнесмен Райымбек Баталов instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бұның бәрі «жындының сандырағы» деп жауап берді.

КӨРІПКЕЛГЕ СЕНЕТІН ЭКС-МИНИСТР 

24 сәуір күні сот отырысында Шымкент қаласында тұратын көріпкел жауап берді. Ол Бишімбаевты 1,5 жылдан бері таниды екен. Қуандық Бишімбаевты бұл куәгермен анасы таныстырған көрінеді.

«Бишімбаев маған 9 қараша күні күндіз хабарласып, Салтанат екеуміз мас болып, төбелесіп қалдық деді. Мен «не болды, қай жері жараланды?» деп сұрадым. «Біз мейрамханада қатты мас болып, төбелесіп қалдық» деді. Мен жедел жәрдем шақырыңыз дедім. Ол өзі адам төзгісіз кісі ғой. Маған қайта-қайта телефон шалып, «Салтанат оянады деп айтыңызшы», «Салтанат оянбай жатыр, бірдеме істеңізші» деді. Мен «дәрігерге барыңдар, мен не істей аламын?» дедім. Ол өзіме «қайдағы жедел жәрдем, ол оянады» деді. Ол мас болды, маған қайта-қайта хабарласып, мазамды алды», - деді көріпкел.

Куәгер сол күні Бишімбаев қайта-қайта мазасыз алғанын, «бәрі жақсы деген хабарлама жіберіңізші» деп өтініш жасағанын айтып берді.

КСЕНИЯ СОБЧАК СОТ ОТЫРЫСЫНА НЕ ҮШІН КЕЛДІ?

22 сәуір күні Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотқа ТМД елдеріндегі танымал журналист, тележүргізуші, продюсер Ксения Собчак келді. Ол Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысып, осы оқиға бойынша арнайы бағдарлама түсіруге келген. Оның «Осторожно, новости», «Осторожно, Собчак» атты авторлық жобалары, instagram желісінде 10 миллионға жуық оқырманы, «Кровавая барыня» атты Telegram арнасы бар. 

Айта кетейік, сот күні Ксения Собчак жәбірленуіші тараптың артында, орындықта отырды. Бұл сәтте отандық БАҚ өкілдері тар сот залында қысылып, қымтырылып тұрған. Бұл әрине Қазақстан және Ресей интернет кеңістігінде біраз талқыланған дүние болды.

Дегенмен, Собчак өзінің Қазақстанға не үшін келгенін түсіндіріп, пост жазған еді. Өз жазбасында ол еліміздің азаматтық қоғамы қалай дамып жатыр деген мәселеге қатысты ойын айтқан.

ЖЕҢІСГҮЛ ЕСІМДІ ӘЙЕЛДІҢ ХАТТАРЫ

2024 жылы 23 сәуір күні сотта экс-министр Бишімбаевтың телефоны зерттелді. Судья Айжан Құлбаева Бишімбаев пен Жеңісгүл есімді әйелдің хаттарын оқыды. Жеңісгүл – Бишімбаев пен Нүкенованың үйін ара-тұра тазалап беретін, киімдерін жуатын, керек-жарағын сатып алатын әйел. 2023 жылдың қазанында Салтанат Нүкенова Бишімбаевтан бөлек тұрған. Бишімбаевтың телефонын блокқа қойған, ал Жеңісгүл Қуандыққа ақпарат жіберіп отырған.

Адвокаттардың сұрағына жауап берген Қуандық Бишімбаев Жеңісгүл есімді әйел бес жылдан бері Салтанаттың үй қызметшісі болғанын хабарлады. 2023 жылдың 7 қазанында Жеңісгүл Бишімбаевқа Салтанаттың үйінен бөтелке тапқанын, үйді тазалап бергенін және Салтанат тамақ ішпей жатқанын айтқан. 2023 жылдың 16 қазанда Бишімбаев Жеңісгүлге аудиохабарлама жіберіп, Салтанаттың жағдайын сұраған.

«Жеңісгүл, барып, білші, тағы ішіп кеткен жоқ па екен?» деп сұраған Бишімбаев Жеңісгүлден.

«Жоқ, бөтелке жоқ, сау. Ұйықтады, тұрды, үйде жүрді. Уайымға салынған», - деп жазған 16 қазан күні Жеңісгүл.

«Үйіне барған соң, маған телефон соғып, Салтанатқа берші» деген Бишімбаев. Өйткені, Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат оның телефон нөмірін блокқа қойып, оның қоңырауларына жауап бермеген.

«ЮЛИЯ СУПЕРДІҢ» ІСКЕ НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Қылмыс болған күні, 2023 жылы 9 қарашада, Қуандық Бишімбаев бірнеше әйелмен хат жазысқаны анықталды.

Соның ішінде әрине судьяның, мемлекеттік айыптаушы мен зардап шеккен тараптың адвокаттарының назарын аударған есім Юлия болды. Бишімбаев бұл адамды «Юлия супер» деп сақтаған және сол күні оған хат жазған. Хат 9 қараша сағат 19:07-де басталып, сағат 19:36-да аяқталған.

«9 қараша күні 19:07-де Бишімбаев «қалың қалай?» деп жазған. Юлия супер «сенің қалың қалай?» деп жазған. 19:24-те Бишімбаев «не істеп жатырсың?» деп сұраған. Юлия супер «кірпігімді жөндеттім» деп жазған. 19:36-да Бишімбаев «боссың ба?» деп жазған. Юлия супер «нешеде?» деп сұраған», - деді хаттарды оқыған судья Айжан Құлбаева.

Мемлекеттік айыптаушы Бишімбаевтан бұл кім екенін және өлім болатын күні оған не мақсатта жазғанын сұрады.

«Осының бәрін жазғаным Салтанатқа бірдеме болды деп ойламағанымды дәлелдейді»,- деді сұраққа нақты жауап бере алмаған Бишімбаев.

РАУШАН ИІСІ ШЫҒАТЫН «КУДАГИ АЛЕНА»

Сот аясындағы тергеудің соңында куәгер болған адамдарды бірі – блогер Гүлнәр Насырова еді. Жалпы, бұл адам істегі басты куәгерлердің бірі деуге болады, өйткені, өлім болған күні, яғни, 2023 жылдың 9 қарашасында ол өлім болған жерге барған және басты күдікті Бишімбаевпен кездескен адам. 

Бірақ, блогер өз жауабында Бишімбаевты дұрыс танымайтынын, жарнама бойынша сөйлесуге келгенін, ол мейрамханада Салтанат Нүкенова өліп жатқанын білмегенін айтып куәлік етті.

Айта кетерлігі, кездесуден шыққаннан кейін Гүлнәр Насырова Бишімбаевтың телефонына «сенен раушан гүлінің иісі шығып тұр» деп хат жазған. Мемлекеттік айыптаушы неге бұндай хабарлама жібергенін сұрағанда, ол «менің Алена деген құдағиым бар. Оны телефонымда «Кудаги Алена» деп сақтағамын. Сол күні оның туған күніне торт пен гүл алып, моншаға бармақ болдық. Телефоннан «Кудаги» деген контактіні іздеп тұрып, «Куандық» деген контактіге байқамай хат жіберіп қойыппын, оны өзім де байқамағанмын, білмегенмін» деп жауап берді.

7 ЖЫЛҒА СОТТАЛҒАН ШЕНЕУНІК БАУЫРЖАН МУСИН

Қазақстанда Бауыржан Мусин есімді жоғары лауазымды шенеунік 2018 жылы пара алған деген айыппен 7 жылға сотталған. Оның есімі Бишімбаев сотында неге аталды?

Сот залында Байжанов уақытша қамау изоляторында оған Бауыржан Мусин есімді адам келіп, қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстарына қарсы қоюға көндіргенін айтты.

«Бауыржан Мусин 4 рет келді. Кешкі сағат 21:00 кезінде мен онымен тергеу изоляторында кездестім. Оның қасында Бишімбаев тұрды. Мен олармен сөйлеспей, кері бұрылып кетіп қалдым. Мен де, менің адвокаттарым да бұл жағдайды әкімшіге ескерттік. Бірақ ол құлақ асқан жоқ. Қайта-қайта кездесуге келе берді. Мені Салтанаттың туыстарына қарсы үгіттеді. Бауыржан Мусиннің кім екенін білмеймін, бірақ оны білетіндер қоғам қайраткері деп айтады. Біз кездескен жерде камералар бар. Бәрі жазылып тұр», - деді Байжанов.

Бауыржан Мусин Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын.

«КЕШЕГІ КҮНІМ 33 ЖЫЛҒА ТАТЫДЫ». ТАХИР ХАЛИМНАЗАРОВ ОТЫРЫСТАҒЫ ЕҢ КӘСІБИ КУӘГЕР АТАНДЫ

Бұл сот отырысында әрине елдің есінен кетпейтін есім – сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров екені сөзсіз. Ол сотта 2024 жылдың 9 сәуірі күні куәгерлік етіп, үш тараптың – мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші және Бишімбаевты жақтаушылардың өте көп сұрағына нақты, кілтіксіз, мүдірмей, ең бастысы аргументпен жауап берді. Оның айтуынша, Салтанат Нүкенова құлағаннан (Бишімбаевтың жауабы бойынша – ред.) бұндай жарақат алмаған. Оның айтуынша, Нүкенованың бет-аузы түгел көгерген, мұрны сынған. Ал,өлімінің негізгі себебі – басындағы ең үлкен гематома оны біреу қатты затпен ұрса ғана пайда болатын жара. Міне, Халимназаровтың бұндай дәлелді жауаптарынан кейін қоғам оны қатты қошеметке бөледі. Халық бұл сот-сарапшысы туралы көп ақпарат іздеп, оған рақмет айтқысы келген. Өзі қатысқан сот отырысынан кейін Халимназаров әлеуметтік желіде парақша ашып, жылы жазба қалдырған еді.

Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қаза тапты. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен Бишімбаев, артынша оның туысы Бақытжан Байжанов қамалды. Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Серіктес жаңалықтары