«Бір бөтелке де көрген жоқпын». Сотта Салтанаттың үй қызметшісі Бишімбаевқа жазған хаттар оқылды

Салтанат Нүкенова 2023 жылы қазан айында Қуандық Бишімбаевтан бөлек тұрған

«Бір бөтелке де көрген жоқпын». Сотта Салтанаттың үй қызметшісі Бишімбаевқа жазған хаттар оқылды
видеодан скриншот

Бүгін 2024 жылы 23 сәуір күні сотта экс-министр Қунадық Бишімбаевтың телефоны зерттеліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаев пен Жеңісгүл есімді әйелдің хаттарын оқып жатыр. Соттан түсінгеніміз, Жеңісгүл – Бишімбаев пен Нүкенованың үйін ара-тұра тазалап беретін, киімдерін жуатын, керек-жарағын сатып алатын әйел. 2023 жылдың қазанында Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевтан бөлек тұрған. Бишімбаев Жеңісгүлге үнемі хат жазып, Салтанаттың жағдайын сұраған, оның үйіне керек-жарақ алу үшін ақша жіберіп отырған. Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың телефонын блокқа қойғанда, Бишімбаев Жеңісгүлден ақпарат алып отырған.

Адвокаттардың сұрағына жауап берген Қуандық Бишімбаев Жеңісгүл есімді әйел бес жылдан бері Салтанаттың үй қызметшісі болғанын хабарлады. 2023 жылдың 7 қазанында Жеңісгүл Бишімбаевқа Салтанаттың үйінен бөтелке тапқанын, үйді тазалап бергенін және Салтанат тамақ ішпей жатқанын айтқан.

2023 жылдың 16 қазанда Бишімбаев Жеңісгүлге аудиохабарлама жіберіп, Салтанаттың жағдайын сұраған.

«Жеңісгүл, барып, білші, тағы ішіп кеткен жоқ па екен?» деп сұраған Бишімбаев Жеңісгүлден.

«Жоқ, бөтелке жоқ, сау. Ұйықтады, тұрды, үйде жүрді. Уайымға салынған», - деп жазған 16 қазан күні Жеңісгүл.

«Үйіне барған соң, маған телефон соғып, Салтанатқа берші» деген Бишімбаев. Өйткені, Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат оның телефон нөмірін блокқа қойып, оның қоңырауларына жауап бермеген. Осы хат зерттелген соң сот сағат 14:30-ға дейін үзіліс жариялады. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.