«Боссың ба?». Бишімбаевтың ісінде «Юлия супер» есімді әйел пайда болды
Қылмыс болған күні Қуандық Бишімбаев осы контактімен хат алмасқан
2023 жылы 9 қарашада, азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенова қаза тапқан күні Қуандық Бишімбаев әйелдермен жайбарақат күйде хат алмасқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Айта кетейік, бүгін сотта Қуандық Бишімбаевтың телефоны зерттеліп жатыр. Судья оның хаттарын тексере келе 2023 жылы 9 қараша күні хат жазған адамдардың есімін, Бишімбаев олармен не туралы сөйлескенін оқыды. Судьяның, мемлекеттік айыптаушы мен зардап шеккен тараптың адвокаттарының назарын аударған есім Юлия болды. Бишімбаев бұл адамды «Юлия супер» деп сақтаған және сол күні оған хат жазған. Хат 9 қараша сағат 19:07-де басталып, сағат 19:36-да аяқталған.
«9 қараша күні 19:07-де Бишімбаев «қалың қалай?» деп жазған. Юлия супер «сенің қалың қалай?» деп жазған. 19:24-те Бишімбаев «не істеп жатырсың?» деп сұраған. Юлия супер «кірпігімді жөндеттім» деп жазған. 19:36-да Бишімбаев «боссың ба?» деп жазған. Юлия супер «нешеде?» деп сұраған», - деді хаттарды оқыған судья Айжан Құлбаева.
Мемлекеттік айыптаушы Бишімбаевтан бұл кім екенін және өлім болатын күні оған не мақсатта жазғанын сұрады.
«Осының бәрін жазғаным Салтанатқа бірдеме болды деп ойламағанымды дәлелдейді»,- деді сұраққа нақты жауап бере алмаған Бишімбаев.
Судья күдіктінің телефонын ары қарай зерттеп жатыр.