«Оянады деп едіңіз ғой?». Бишімбаев өлім күні кешке көріпкелге қайта-қайта телефон шалған
Анықталғандай, көріпкел соңында Қуандық Бишімбаевқа жедел жәрдем шақырыңыз деген
Салтанат Нүкенованың қазасы күні, 9 қараша кешке жақын Қуандық Бишімбаев Шымкент қаласындағы көріпкелге қайта-қайта қоңырау соққан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұған дейін ол көріпкелге хабарласып, ол Салтанат Нүкенованың кешке жақын оянатынын айтты деген. Және сол өз сөзінде көріпкелге таңертең қоңырау шалғанын бірнеше рет қайталап айтқан еді.
Бүгін Қуандық Бишімбаевтың телефонын тексерген кезде ол көріпкелге 9 қараша күні кешке жақын бірнеше рет қоңырау шалғаны анықталды.
«Салтанаттың тамыр соғысы табылмаған соң мен кешке көріпкелге тағы да телефон соғып, «сіз маған ол кешке жақын оянады деп едіңіз ғой» дедім. Көріпкел біресе телефонын алмады, біресе, жауап берді. Сосын «жедел жәрдем шақырыңыз» деді», - деп түсіндірді Бишімбаев.
Айта кетейік, іс енді қарала бастағанда мемлекеттік айыптаушы мен судья және адвокаттар "неге жедел жәрдем емес, көріпкелге телефон соқтыңыз?" деген сұрақ қойған болатын. Бишімбаев "ол көріпкел жылдар бойы маған әртүрлі бағытта кеңес айтып беретін, сондықтан, сендім" деп жауап берген болатын.