«Кешегі күн 33 жылға татыды». Елдің қошеметіне бөленген сот сарапшысы жеке парақшасын ашты
Тахир Халимназаров 1991 жылдан бері сот сарапшысы ретінде қызмет етеді
Сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашып, қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Айта кетейік, 9 сәуір күні Бишімбаев ісі бойынша куәгер болған сот сарапшысы Тахир Халимназаров марқұм Салтанат Нүкенованың жарақаттарын кәсіби тұрғыда талдап, оның өлімі неден болғанын айтып берген еді. Ол мемлекеттік айыптаушылардың, зардап шеккен тараптың, Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары қойған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, әр жауабын фактімен дәлелдеп отырды.
Ол сотқа манекен кіргізіп, сол арқылы марқұмның басындағы жарақаттардың көп болғанын және Бишімбаев айтқандай, жерге немесе қатты заттың үстіне құлағанда адам мұндай жарақат алмайтынын айтып, дәлелдеген.
Сотты тікелей эфирден көріп отырған қазақстандықтар Тахир Халимназаровтың кәсіби біліктілігіне қайран қалып, оған алғыс жаудырған.
«Құрметті оқырмандар! Мені қолдап, жылы сөз жазып жатқандарыңызға рақмет! Мен туралы және менің кәсіби біліктілігіме қатысты айтып жатқан пікірлеріңіз мен үшін маңызды. Кешегі күн сүйікті ісіме арнаған 33 жылға татыды!», - деп жазды ол.
Небары 10 сағат бұрын алғашқы жазбасын жариялаған сот сарапшысының қазір 3 мыңнан астам оқырманы бар.