$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 36,6 млрд теңге бөлінді

Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылуда

«Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 36,6 млрд теңге бөлінді
Фото: видеодан кадр

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында «Ауыл- Ел Бесігі» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Үкімет Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады және іске асыруда. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған.Тұжырымдамада базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту, ауыл халқының табыс деңгейін арттыру, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және ауылдарды дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүйелеу жөніндегі негізгі бағыттар айқындалған.

«2023 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар Тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарына сәйкес кешенді шараларды іске асырды. Мәселен, «Ауыл- Ел Бесігі» бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылды, бұдан бөлек 113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру объектілері салынды, 85 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері құрылды. 176 ауыл Wi-Fi hotspot технологиясына қосылды және Starlink спутниктік жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауылдық мектептерді қосу бойынша пилоттық жоба басталды», - деді Байбазаров.

Сонымен қатар, оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілген.  Облыстардың ерекшелігіне сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту бойынша Жол карталары бекітілді. Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредит мөлшері 1 500-ден 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды және басқа да іс-шаралар іске асырылды.

«Ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі басты құралдардың бірі «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасын іске асыру болып табылады. 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен жалпы бағдарлама бойынша 524 млрд теңге бөлініп, 1,8 мың тірек және спутниктік ауылдарда 5,4 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 578 нысанды, 1,7 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам ауылішілік жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Бағдарлама бойынша ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлініп, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарлануда», - деді Байбазаров.

Министр  «Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасын іске асыру ауылдық жерлерге жеке инвестициялар тартуға оң әсерін тигізіп жатқанын айтты.

«Мысал ретінде, Түркістан облысының Төлеби ауданының 16 ауылы 3,5 млрд теңгеге бюджеттен қаржыландырылды. Осы ауылдарда 21,2 млрд теңгеге 40 жобаны іске асыруға жеке инвестиция тартылды. Осылайша, 1 бюджеттік теңгеге 6 жеке инвестиция теңгесі тиесілі.

Ал, Ақмола облысының Жақсы ауданының 6 ауылына 1 бюджеттік теңгеге 3 жеке инвестиция теңгесі тартылды. Ауылдық аумақтарды дамытуға инвестиция салатын жеке кәсіпкерлердің маңызды рөлін де атап өту қажет. 2023 жылы кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен ауылдық жерлерде мектептер, шипажайлар, балабақшалар, демалыс орындары және т.б. нысандар салды.

Мәселен, 2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да көздерден шамамен 1 трлн. теңге әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды, қоғамдық және экологиялық қауіпсіздікті дамытуға бағытталған.  Ағымдағы жылға бұл мақсаттарға шамамен 900 млрд теңге жоспарланған», - деді Байбазаров.

«Ауыл-Ел Бесігі» бағдарлама аясында 2019-2023 жылдары 511 шекара маңындағы ауылдарда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 1,8 мың жоба іске асырылды, 2024 жылы 170 жобаны іске асыруға 36,6 млрд теңге бөлінді.

Серіктес жаңалықтары