«Оқығанынан қыдырғаны көп»: Ринат Заитов шетелде оқитын медицина қызметкерлерін сынады

Аягөз Құрмаш

Ол Түркияның медицина мамандарын Қазақстанға шақыруды ұсынды

«Оқығанынан қыдырғаны көп»: Ринат Заитов шетелде оқитын медицина қызметкерлерін сынады
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжілістің комитет отырысында AMANAT фракциясының мүшесі Ринат Заитов шетелде оқитын медицина қызметкерлерін сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Оның айтуынша, медицина қызметкерлеріне қатысты шағым көп түседі.

«Бізге қат-қат халықтың өтініші келеді. Сіздерде бір робот бар ма, тақырыпқа қарап жауап жаза береді, ішіндегісін оқымайтын сияқты. Өз басым, солай деп ойлаймын. Дайын тұрған бір жауапты бере береді», - деді депутат.

Заитов коронавирус кезіндегі Үкіметтің уәде еткен ақшасын ала алмай жүргендерден бастап Арқалықтағы дәрігерлердің қателігінен мүгедек болып қалғанға дейінгі адамдардың өтінішін мысалға алды.

«Көмекшіңіз бе, біреуді бекітіп қойсаңыздар. Әйтпесе, «дежурный» жауаптарыңыздан шаршап кеттім», - деді ол.

Депутат Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан дәрігерлерді шетелде оқыту үшін 300 млн теңге бөлінетінін сұрап білді.

«Жақында шетелде болдым. Түркиядағы барлық азамат Денсаулық сақтау министріне дұғай сәлем айтады. Мына жақта адамдарды жіберіп оқытқаннан пайда жоқ дейді. Себебі біздің дәрігерлер жасыратыны жоқ, ол жаққа барып, «оқығанынан гөрі қыдырғаны көп болады» екен.Олардың айтып отырғаны, сол ақшаға түріктің бір маманын алдыртып, сол жақта озық технологияларды қолданып, сол жақта оқыту керек деп отыр. Ол он есе тиімді болар еді дейді. Осыны қаперіңізге алсаңыз», - деді Ринат Заитов ДСМ басшысына.

Сондай-ақ ол МӘМС мәселесін көтерді. Ол мемлекетке жасалған үлкен қастандық екенін айтты.

«Біріншісі – Президенттің сөзін бұрмалау. Президент өз Жолдауында міндетті деген сөзді айтқан жоқ. Ерікті әлеуметтік сақтандыруды тәжірибеге енгізуді ұсынамын деді. Жолдауды қайта алып қарасаңыздар болады. Оны біздікілер «шаш ал десе, бас алып» ерікті дегенді міндеттіге айналдырды. Сонымен қанша халық зардабын шегіп отыр. Аягөз ауданында МӘМС-тің жоғының кесірінен адам қайтыс болған. Сондықтан жаппай халықты қаржыландыруды ойлап табуды сұраймын. Жан басына қаржыландыру бойынша да көп сұрақ бар. Тағы бір мәселе-мүгедектікке  шығару. Осыны бір жақты қылыңыздар. Қолы жоқ адам, неге 2-3 жыл келіп дәлелдеу керек. Оның қолы, аяғы өсіп кетпейді ғой. Осыны түсіну қиын емес шығар», - деді ашуланған Ринат Заитов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.