Тарауық оқылмайды, ауызашар берілмейді – карантин кезіндегі Рамазан

Мүфтият Рамазан айында карантин талаптарын бұзбау үшін бірқатар ұсыныс айтты

Тарауық оқылмайды, ауызашар берілмейді – карантин кезіндегі Рамазан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, карантинге байланысты биылғы Рамазанның Тарауих намазы мешітте оқылмайды.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуын алдын алу мақсатында карантин кезінде тарауих намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауих намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы індетті жеңеміз», - деді бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлы сондай-ақ, Рамазан айында көп адамның басын қосып, ауызашар беруді тоқтату керек деді. Тіпті, мешітке жиналып, ауызашар жасауға болмайды. Оның орнына тұрмысы төмен адамдарға азық-түлік таратып, ораза тұтқан адамдарға қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.

«Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және тағы басқа мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан, карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызшар өткізуге, көпшілік орталар, дәмхана, мейрамханаларда жиналмауға үндейміз. Қазіргі жағдайға қарай, ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруден мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру; ауызашарға жұмсалатын шығындары ораза ұстаған адамдарға қаржылай көмек беру», - деген ол Рамазан айында қолдан келгенше сауапты іс жасауға шақырды.

Тарауих – Рамазан айында құптан намазынан кейін жамағат болып оқылатын намаз. Ислам дінінде тарауих намазы сауабы орасан зор сүннет амалдардың бірі болып саналады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.