Бас мүфти биыл Рамазан айы қай күннен басталатынын мәлімдеді
Ол үшін Өзбекстан мен Қырғызстан діни басқармаларымен кеңескен

Айта кетейік, осыған дейін 2020 жылы Рамазан айының басталатын күні бір ақпарат көздерінде 24 сәуір деп таралса, тағы бір дереккөздерде ораза ұстау уақыты 25 сәуірде басталады деп айтылған. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының басталатын уақыты қай күнге түсіп тұрғанын айтты.
«Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын Фесенков атындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ, көрші Өзбекстан мен Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмыстың қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір басталатын болды», - деп хабарлады бүгінгі брифингте Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти шариғат бойынша «балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз» екенін жеткізді.
«Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдарға, ауруының асқынуынан қауіптенген және дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген адамдарға, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға рұқсат етеді», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан