Жаңа заң шаңырақты шайқалтуға емес, отбасын нығайтуға бағытталған - Сүлейменова
Заң аясында отбасы институты нығайтылады
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мен зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжілістің жалпы отырысында аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттары бекітіледі», - деді ол.
Ол атағандай, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреті қарастырылады.
«Мысалы, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, оларға жан-жақты қолдау көрсетілмек. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және дамытуға, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойларына сіңіре отырып, балаларды адамгершілікке баулып, сүйіспеншілікке, өзара құрметке негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту ұсынылады», - деді ол.
Сүлейменова заң жобасын қабылдар сәтте ұлттық ерекшелік ескерілгенін айтты.
«Әсіресе, таяқтың екі ұшы болатынын ескергеніміз жөн. Әсіресе, бала тәрбиесінде. Мысалы әкенің сұсы болады. Оның баланың болашағын ойлаған тәк-тәгін ертең зорлық-зомбылық деп қабылдауға жол бермегеніміз абзал. Ата-ана мен бала арасындағы жанжалды ушықтырмаудың жолын қарастырған жөн. Қандай ата-ана да баласын жақсы болсын дейді, өзі жетпеген биікке оның шыққанын қалайды. Әрине, кейде сәл артық кетуі де мүмкін. Бірақ оның жанашырлықтан туған әрекет екенін ұмытпаған абзал. Жаңа заң шаңырақты шайқалтуға емес, отбасын нығайтуға бағытталған. Жалпы жанжал болған кезде екі жақты мейлінше жарастыруды ойлап, өзара түсінісетін мүмкіндік қалдырған дұрыс деп есептеймін. Сонда әр бала өз шаңырағында, әке-шешесінің қасында өсіп, Жетімдер үйі азаяр еді», - деді ол.