Қазан айындағы мизамшуақ па: демалыс күндері ауа райы 27 градусқа дейін жылынады
Ел аумағында түнде және таңертеңгі уақытта тұман болады
Алдағы демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жылы болады. «Қазгидромет» алдағы үш күнге арнап ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, 10-12 қазанда елдің орталығында, 10-11 қазанда оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күн райы жауын-шашынсыз болады. Ал 10-11 қазан күндері оңтүстік-батыста, 11-12 қазан күндері солтүстік-батыста және солтүстікте, 10 және 12 қазан күндері шығыста, 12 қазан күндері оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаңбыр жауады деп болжанып отыр. 10 қазанда елдің шығысында жаңбыр мен қар түрінде жаууы мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, 10 қазанға қараған түні Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар жауады. Ал 12 қазанда Түркістан облысында нөсер жаңбыр жауады.
Ел аумағында түнде және таңертеңгі уақытта тұман болады. Ал күндіз ауа райы жылынады:
- елдің батысында +22+27°С-қа;
- солтүстік-батыста +17+25°С-қа дейін;
- солтүстікте +13+20°С-қа дейін;
- орталықта +13+22°С-қа дейін;
- шығыста +10+22°С-қа дейін;
- оңтүстікте, Қызылорда облысында +23+28°С-қа дейін;
- Түркістан облысында +18+23°С-қа дейін;
- Елдің оңтүстік-шығысында ауа температурасы +17+25°С.