$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада 243 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы тоқтап тұр – депутат

40 мыңнан астам үлескер алданып қалуы мүмкін

Астанада 243 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы тоқтап тұр – депутат
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мыңдаған қазақстандық жауапсыз құрылыс салушыларға сенім артып, тұрғын үйсіз қалды. Оның ішінде зейнеткер де, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ана мен мүгедек жандар да бар. Бүгінде қолындағы бар қаражатын үйге салып, өздері пәтер жалдап жүрген халық көп. Осылай деген Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының өкілі Дәулет Тұрлыханов нақты сандарды айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy  тілшісі.

«Астана қаласының аумағында 243 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтап тұр. Оған 40 мыңнан астам үлескер тартылған екен. Осы объектілердің әрқайсының құрылысын аяқтау мемлекеттің тікелей қатысуын талап етеді. Құрылыс компанияларының саны азайғанымен, негізгі проблема өзгеріссіз тұр. Мысалы, астанамызда «Сатурн-1,2,3,4», «София» сияқты тұрғын-үй кешендері аяқталмаған, ал аяқталғанының құжаты реттелмеген. Сонымен қатар «Диана», «Оникс», «Аскер-1», «Аскер-2», «Хазар», «Оазис» сияқты ондаған жылдар бойы құжаты дұрысталмай, әлі күнге дейін қажетті инфрақұрылымдар жасалмаған тұрғын үйлер жетерлік», - деді Тұрлыханов.

Соңғы екі жылда үлестік құрылыс саласындағы қылмыстық істер бойынша 16 адам сотталып, 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Заң бойынша, құрылыс салушылар үлескерлердің ақшасын екі жағдайда ғана: біріншіден, қазақстандық тұрғын үй компаниясымен шарт болған кезде, екіншіден, әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда тарта алады. Егер жобаға банк қатысса немесе үйдің каркасы болса, әкімдік рұқсат береді.

«Жауапсыз құрылыс салушылар санының өсуі, үлескерлер құқығын қорғаудың тиімді тетіктерінің болмауы, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан қатаң бақылау мен жүйелі талаптың болмауы бар. Осыған байланысты, тез арада еліміз бойынша үлкен проблема тудырып отырған құрылыс компанияларының және оның артында тұрған мыңдаған тағдырлы отбасылардың мәселелерін шешуді сұраймыз», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары