Солтүстікте халық саны азайып жатыр – Әшімбаев

Azattyq Rýhy

Соңғы жылдары 3 облыста халық саны азайған

Солтүстікте халық саны азайып жатыр – Әшімбаев
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Үкімет сағатында ішкі көші-қон жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгінде оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал, солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек. Осы орайда қазір Сенатта қаралып жатқан Көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз», - деді ол.

Спикер атағандай, осы бағытта басқа да іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет.

«Сондай-ақ, демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымның да тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін сапалы, экологиялық орта қалыптастыру да маңызды іс. Қазіргі таңда еліміздің демографиялық дамуына байланысты осындай мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта проблемалар да жоқ емес. Бүгін осы және басқа да мәселелерді қарастырамыз. Жалпы, елдің теңгерімді демографиялық дамуы бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы. Сондықтан осы жолда бәріміз бірлесіп, дәйекті түрде жұмыс істеуіміз керек», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.