Еліміздегі саяси, стретегиялық даму бағдарламаларында демографиялық өсімдер ескерілмей жатыр – сенатор
Халық санының өсу-төмендеу динамикасы соңғы 30 жылда түбегейлі өзгеріске ұшыраған

Сенаттағы Үкімет сағатында сенатор Әсем Рахметова еліміздегі демографиялық ахуал мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Халық санының өсу-төмендеу динамикасы соңғы 30 жылда түбегейлі өзгеріске ұшырады. Соңғы он жылдықта 1,3-1,5% өсу қарқынымен оң динамика байқалады. Нәтижесінде, 2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. (2024 жылғы 1 қаңтарға Қазақстан халқының саны 20 033 546 адамды құрады). Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік деңгейде қолданылып келген декларативті сипаттағы демографиялық болжамдар елдің даму перспективаларына сәйкес келмейді. Ал біз осы уақытқа дейін қолданып келген Аумақтық даму жоспарында белгіленген болжамдар бойынша 2025 жылға қарай Қазақстан халқының саны 19,8 млн құрауы тиіс еді. Демек, елімізде соңғы уақыттарда қабылданып жатқан саяси, стретегиялық даму бағдарламаларында, еңбек нарығында, білім гранттарын бөлуде және басқа да экономикалық-әлеуметтік шешімдерде халықтың демографиялық өсімдері тиісінше ескерілмей отыр. Бұл кез келген бағдарламалардың сапалы орындалуына, жоспарлы индикаторларға қол жеткізуіне айқын кедергі болады», - деді Әсем Рахметова.
Сенатордың айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – еліміздің географиялық әр алуандығына байланысты халықтың қоныстану тығыздығының теңсіздігі мен ішкі көші-қонның реттелмеуі болып отыр.
«Соңғы деректерге сүйенсек, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалар, сондай-ақ агломерациялар негізгі көші-қон ағынын тартып отыр. Ал олардың инфрақұрылымы оған төтеп бере алмауда. Егер демографияның және көші-қонның қазіргі дамуының тенденциялары сақталатын болса, 2050 жылға қарай елдің оңтүстік өңірлерінде халық саны 5,2 миллионға артып, солтүстікте 1 миллион адамға қысқаруы мүмкін. Өңіраралық ерекшелікке сәйкес оңтүстік аймақ – туу көрсеткішінің жоғарылығымен, халықтың қоныстануының тығыздығымен, жер ресурстарының тапшылығымен, жұмыс күшінің жыл сайынғы артуымен ерекшеленеді (2023 жылғы 1 тоқсанда оңтүстік өңірлердегі жұмыссыздық деңгейі 5% құрады)», - деді ол.
Сенатор атағандай, керісінше солтүстік аймақ – халықтың тығыздығының төмендігі, еңбекке қабілетті жастардың өңірден кетуі, қартаю үрдісінің орын алуы, туу мен экономикалық белсенділіктің құлдырауымен ерекшеленіп отыр.
«Елдің даму перспектикасына ішкі көші-қонның қазіргі тенденциясы қолайсыз. Бұл елдің экономикалық әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне бірқатар тәуекелдер әкеледі. Елімізде демографиялық теңгерімсіздік мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар. Дегенмен нәтиже көңіл көншітпейді. Сондықтан қолданыстағы бағдарламаларды кешенді түрде қайта қарастырып, азаматтарды халық сирек аймақтарға қоныстандырудың жаңа тетіктерін қарастыру қажет», - деді Рахметова.