42500 теңге: Әлеуметтік төлем 752 мың адамға тағайындалды
Олардың есепшоттарына қордан 32 млрд теңге аударылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook парақшасында 42500 теңгелік әлеуметтік төлемге байланысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«42500 теңге бір рет тағайындалады және ай сайын төленеді. Мысалы, төтенше жағдай режимі тағы бір айға (15 мамырға дейін) ұзартылса, 42 500 теңге тағайындалған адамдар оны 15 сәуірден кейін де ала береді. Сонымен қатар сізге қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ. Біз төлемді автоматты түрде ұзартамыз», - дейді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, төлем ай сайын толық көлемде төленеді. Яғни, ол тек қалған күндер үшін есептелмейді. Мысалы, әлеуметтік төлем 14 сәуірде тағайындалса (төтенше жағдайдың бірінші айының аяқталуына бір күн қалса да), онда ол төлем толық көлемде беріледі.
«Жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары және басқа аударымдар 42 500 теңге аударымнан ұсталмайды. Сондай-ақ банктер мен ұйымдарға осы сомадан қарыздарын өндіруге тыйым салынады (несиелер, коммуналдық төлемдер және т.б. үшін). БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналарына 42 500-ден ұсталмағанына қарамастан, бұл айлар болашақта базалық және бірлескен зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтілі ретінде ескеріледі. Өтініш беруші осы айлардағы табысты өзіне ыңғайлы кез-келген айлармен алмастыра алады», - деді министр.
Оның айтуынша, 42 500 теңге төлемі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде кірістерге қосылмайды.
Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы ай сайын төленеді. Әрі қарай оларға 1 сәуірден бастап мөлшерін индексациялау арқылы толық ақы төленеді. Елде 4 миллионнан астам адам жылына 3,5 триллион теңгені құрайтын зейнетақы мен жәрдемақы алып отыр. Осылайша бұл санат үшін 42 500 теңге қарастырылмаған.
«Бірақ егер зейнеткер, мүгедек және төтенше жағдай жариялағанға дейін мемлекеттік жәрдемақы алушы болса, яғни 16 наурызға дейін ол ресми түрде жұмыс істеген болса (қызметкер, жеке кәсіпкер немесе БЖТ төлеушісі болған), онда ол 42 500 теңгеге өтініш білдіре алады. Дегенмен, егер ол төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты осы кірісін жоғалтқанын көрсетуі тиіс», - дейді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, егер зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақыны алушы төтенше жағдай алдында ресми түрде жұмыс істемесе, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, яғни 16 наурыздан кейін оларға 42 500 теңге бөлінбейді. Оларға БЖТ төлеп, өтініш беру қажеті жоқ. Заңгерлер төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген зейнеткерлерге кірістерін жоғалтуына байланысты 42 500 теңге ала алмайтындығын еске салады, өйткені заң бойынша зейнеткерлер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, оған 42,500 төленетін) әлеуметтік жарналар төлеуден босатылады.
Айта кету керек, 42500 теңге әлеуметтік төлем алуға 2 млн 900 мың адам өтініш берген. Төлемдер 752 мың адамға тағайындалып, есепшоттарына қордан 32 млрд теңге аударылды.
«Көп ағайын неге кешігіп жатыр, өтініш бергеніме 4 күн, бір апта өтті ғой деп ренжіп жатқандар бар. Сіздерден кешірім сұраймын, бірақ біз үлгермей жатырмыз. Азаматтардың өткізкен өтініштерінде жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ИИН) дұрыс көрсетпей, қате бергендер көп. Есепшотын қате берген, қазіргі таңда атымен жоқ банктердегі шоттарды көрсеткендер (мысалы, Наурызбанкте), немесе басқа адамның шотын көрсеткендер бар.Неге маған досымның, анамның, баламның есепшотын беруге болмайды деп жатқандарға айтарым. Егер біз оған рұқсат берсек, алаяқтарға жол ашамыз. Алаяқтар Сіздің мәліметтеріңізді тауып алып (бар болғаны аты жөніңізбен ИИН керек) өзінің карточкасын көрсетіп сіздің атыңыздан өтініш беріп жіберсе не істейміз?», - дейді министр.
Ол 2,9 млн адам берген өтінішті, оған екі-үш рет өтініш беріп, үстінен түскен тағы 1,4 млн өтінішті қоса, жалпы 4,3 миллион өтініштің әрқайсысын тексеруге мәжбүр екенін айтты.