Қазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 80-нен асты
Жазылып шыққандар енді 14 күндік үй карантинінде бақылауда болады
Шымкентте екі адам, Алматыда тоғыз адам, Жамбыл облысында екі адам коронавирус індетінен жазылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Қазақстан бойынша жазылғандар саны 81-ге жетті.
Алматыда жазылып шыққандардың ішінде 5 әйел, 1 ер адам және кәмелеттік жасқа толмаған 3 бала бар.
«Олардың төртеуі 27 наурызда Санкт-Петербургтен, екеуі 24 наурызда Дубайдан және Мәскеуден, біреуі 20 наурызда Ыстамбул-Тбилиси - Алматы чартерлік рейсімен ұшып келген және екеуі инфекция жұқтырған адаммен байланыста болғандар қатарынан», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Олардың емдеу мерзімі орта есеппен 16-18 күнге созылған. Олар енді 14 күндік үй карантинінде бақылауда болады.
Бүгінгі күні Алматыда қауіпті індеттен жазылған адамдардың саны 37 жетті. Ал Нұр-Сұлтанда – 34, Шымкентте – 2, Ақтөбе облысында – 1, Алматы облысында –1, Жамбыл облысында – 3, Қарағанды облысында – 1, Павлодар облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында 1 адам жазылып шықты.