$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.04.2020, 17:28
Қоғам

Шетел асып кеткен 128 қазақстандық бүгін елге оралады

Олар бірден карантинге жатқызылады

Шетел асып кеткен 128 қазақстандық бүгін елге оралады
Фото: ашық дереккөзден

Бортында 128 қазақстандық азамат отырған ұшақ Біріккен Араб Әмірлігінен ұшып шыққан. Ұшақ бүгін Талдықорған əуежайына қонады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Шарджа – Талдықорған бағытындағы әуеқатынасты еліміздің әуекомпанияларының бірі жүзеге асырады. Облыс орталығының əуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдауда. Əуе қатынасының қызметкерлері обаға қарсы костюмдермен қамтамасыз етіледі. Жолаушылардың барлығы бортта бірден санитарлық дəрігерлердің тыңғылықты тексеруінен өтеді, олардың дене қызулары тепловизорлармен өлшенеді.

«Келген жолаушылармен неғұрлым аз байланыс жасауды қамтамасыз ететін алгоритм дайындалды. Облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес əуежай қызметкерлерінің, санитарлық дəрігерлердің жəне осы операцияға тартылған басқа да азаматтардың əрекеттерінің əр қадамы хатталып, ерекше бақыланатын болады. Отанына оралған қазақстандықтар бірден карантинге жатқызылады. Олардың бəрі коронавирус инфекциясына анализ тапсырады. Жолаушылардың барлық жүгі мен жеке заттары дезинфекциялау құралдарымен өңделеді. Келген азаматтардың карантиндік режимді сақтауын құқық қорғау органдары бақылайтын болады», - деп хабарлады Алматы  облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Жерлестеріміз сол жақта тұрып, жұмыс істеген немесе түрлі жағдайларға байланысты сол жақта қалып қойған. Бұл рейстің қонуы мен оны қабылдау республикалық штабпен келісілген.

Карантин уақыты біткеннен кейін жолаушылар тұрғылықты жерлеріне жөнелтіледі. Облыстың әкімдігі тұрғындардан Талдықорғанның әуежайына бармауды сұрады және ешбір адамның ол жаққа жіберілмейтінін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары