Меркі аудандық ауруханасын басқарған апалы-сіңлілер қызметтен босатылды – әкімдік
Аудандық ауруханаға 30 жылдық тәжірибесі бар басшы тағайындалды
Жамбыл облысында мемлекеттік аурухананы басқарған апалы-сіңлілер жұмыстан босатылды. Арнайы комиссияның шешімімен Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері де қызметінен алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Меркі аудандық ауруханасына жүргізілген тексерістің нәтижесінде бас дәрігердің міндетін уақытша атқарушы (экономист Данияр Нүсіпбаев - ред) және оның емдеу ісі бойынша орынбасары (Жаңыл Шойбекова-ред), сонымен қатар оның сіңлісі, аурухананың бас есепшісі (Замира Мұқаева -ред) жұмыстан босатылды», - деді Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым.
Дәрігерлердің шағымы бойынша келген комиссия аурухананы басқарған туыстарды қызметтен босатқанмен, құқық қорғау органдары тарапынан тексеріс әлі аяқталмаған. Облыс жариялаған конкурстың нәтижесінде ауруханаға жаңа басшы тағайындалды. Бірақ, орынбасар мен бас есепші сынды вакантты орындар әлі бос тұр.
«Аудандық орталық аурухананы басқаруға Нұржанов Райқұл Бестайұлы тағайындалды. Жарияланған конкурсқа екі адам құжат тапсырған. Кеше конкурс өткізілген. Нәтижесінде бұған дейін Тараз қаласында балалар ауруханасын басқарған, медицина саласында отыз жылдан астам тәжірибесі бар адам келді. Комиссияның шешімі жиналыста аурухананың қызметкерлеріне оқылды, кеткен кемшіліктерді сізге жариялай алмаймын. Өзге лауазымды орындар әлі бос. Ол облыс әкімі орынбасарының тікелей қадағалауымен жүзеге асады. Комиссияның құрамында кәсіподақ, әкімдік, құқық қорғау органдарының өкілдері болды. Жемқорлыққа қарсы агенттік әлі тексеріп жатыр», - деді Жамбыл облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов.
Оқи отырыңыз: «Шу басылсын, көзіңе көк шыбын үймелетемін»: Жамбыл облысында басшылықтан қысым көрген дәрігерлер жұмыстан кетпек
Шойбековалардың мемлекеттік мекемені басқаруына қарсы шыққан дәрігерлер мен аудан тұрғындары Президент Қ.Тоқаевқа арыз жазған. Облыстан келген комиссия бұрынғы басшылардың қол астындағы қызметкерлерге қысым көрсеткенін дәлелдеді.
«Шындық болсын деп келген комиссиядан қалмай жүрдім. Комиссия түнімен тексеріс жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастаған адамдар қызметтеріне адал екендерін көрсетті. Жиналыста басшылардың өз жұмыстарын тиісті дәрежеде атқармай, қызметкерлерге моральдық-психологиялық қысым көрсеткені айтылды. Емхана жетекшісі, бөлім меңгерушісі болған Гүлмира Манақбаеваның ісі құқық қорғау органдарына өтті. Өйткені ол қызметкерлердің есепшотына артығымен түскен ақшаны қолма-қол кабинетіне алдырып отырған», - деді Меркі аудандық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Қаламқас Төреқұл.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы