$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жол көрінбеді, 18 шақырым жаяу жүрдік»: ақтөбелік құтқарушы ақ түтек борандағы жұмысы жайлы

7 ақпанда облыстың барлық құтқарушылары еңбек еткен

«Жол көрінбеді, 18 шақырым жаяу жүрдік»: ақтөбелік құтқарушы ақ түтек борандағы жұмысы жайлы
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Ақтөбе облысында бірқатар күн боран болып, жағдай қиындады. Осындай ерекше жағдайда құтқарушылар қалай еңбек еткенін сұрап білдік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ақтөбе облысында бірнеше күнге созылған ақ түтек борын кейбір аудан тұрғындарын жарық пен сусыз қалдырды. Республикалық және аудандық жолдар жабылып, автокөліктердің қозғалуына кедергі болып, бірталайы жолда қалды. Облыстың екі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Осы боранда бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмысы қиындай түсті. Оның ішінде құтқарушылар да бар. Бұл күндері адамдарды қар құрсауынан шығарып, ерекше жағдайда қызмет еткен құтқарушылардың бірі - Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің командирі Данат Шамаков.

Құтқарушы осы күндері қалай жұмыс атқарғандарын қаз қалпында айтып берді.

«7 ақпан күні таңертең қатты боран басталды. 112 желісіне қарт әжені ауруханаға жеткізу жайлы қоңырау келіп түсті. Оның мекен жайы Қандыағаштан 18 шақырым жерде орналасқан Басшилі ауылында екен. Ол ауылдан біздің жергілікті пунктке жеткізу үшін бір техника, 6 адам оқиға орнына шықтық. Алайда жол ақ түтек бораннан көрінбеді. Сол үшін біз ауылға дейін екі адам алма-кезек жол талғамайтын көліктің алдынан бағдар беріп, жаяу жүрдік. Осылайша, Басшиліге дейін көлікті жаяу сүйемелдеп барып, әжені аман-есен Қандыағаш қаласының ауруханасына жеткіздік», - дейді ол.

Құтқарушы атағандай, дәл осы күні 112 желісіне зардап шеккендер мен көмекке мұқтаж жандардан келіп түскен қоңыраулар қарасы көп болған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері аянбай қызмет еткен.

«Бұл біз үшін күнделікті жұмыс күні. Еткен қызметімізді, жәрдемдескен сәттерімізді батырлық, ерекше іс деп есептемейміз. Республика бойынша осы күндер боранды болды. Сондықтан барлық өңірде төтенше жағдайлар қызметкерлері қалтықсыз еңбек етті деп ойлаймын. Табиғи, техногенді жағдайлар адамның басқаруынан тыс болады. Сол себепті осындай күрделі күндері құтқарушы әріптестеріме сабырлық пен күш-жігер тілеймін. Барлығымыз бірлесіп халыққа қызмет етіп жатырмыз деп үміттенемін», - дейді Шамаков.

Құтқарушы 1990 жылдың 27 шілдесінде Ақтөбе облысында дүниеге келген. Отбасылы, бір қызы бар.

2011 жылы Данат Отан алдындағы борышын өтеп келген соң халыққа қалтықсыз қызмет ететін мамандық иесі болғысы келгенін айтады. Олардың бірі – құтқарушы.

«Құтқарушы болу адамның бойында бірқатар қасиет пен қабілеттің болғанын талап етеді. Сабырлық пен жылдам шешім қабылдауды қажет ететін жағдайлар өте көп болады. Оның үстіне адамның өміріне жауапты, оларды құтқаратындай күш-жігер мен физикалық дайындықтың да ойнайтын рөлі ерекше», - дейді ол.

Бүгінде облыстағы 7 республикалық, 7 облыстық маңызы бар жолдар жабық.Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдардан 81 техника, 211 жеке құрам тартылды.

Облыстағы 8 аудан орталығында (Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандары) 11 жылыту пункті ашылды. Оларға 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылды. 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары